Білім

Жергілікті университетте екі бірдей диплом алу мүмкіндігі пайда болады

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2025 жылға дейін елімізде шетелдік беделді университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте техникалық бағытта білім беретін жоғары оқу орнының екі филиалын еліміздің батысында ашу қажет. Жалпы, бәріміз білімге деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі өтті, енді техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіп иелерінің жаңа буынын өсіру қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстанның заманмен бірге жаңарып, қоғаммен бірге дамып отыруы керектігін жеткізді. Ол үшін елімізде техникалық бағытта жұмыс істейтін білікті жастардың қатарын арттыру қажеттігін айтты. Өңірімізде бұл бағытта нендей шаруа атқарылмақ? Біле білсек, Қозыбаев университетінің басшылығы былтырдан бері АҚШ-тың Аризона университетімен әріптестік орнатып, жергілікті жоғары оқу орнының базасында халықаралық кампос құру жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр. Тың жоба студенттерге қос білім ордасының да дипломын алуға мүмкіндік бермек.

Ерлан Шуланов, Қозыбаев университетінің ректоры:

Білім беру бағдарламасы бірегей болады. Қазір ол әзірленіп жатыр. Тың бастама аясында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде сабақ беріледі. Студенттерді шетелдік және жергілікті мамандар оқытады. Алдағы уақытта жергілікті университет оқытушыларының біразы біліктілікті арттыру курсына қатысады және АҚШ-қа тағылымдамадан өтуге барады.

“Бұл жоба жергілікті жоғары оқу орнының білім беру деңгейі мен потенциалын арттырмақ”,- дейді университет ректоры Ерлан Шуланов. Сондай-ақ, қос диплом бағдарламасы аясында оқитын студенттер АҚШ-қа барып, жарты жыл көлемінде тәлім ала алады. Бастаманы жүзеге асыру барысында Қозыбаев университетінде жаңа мамандық түрлері де ашылуы мүмкін.

Ерлан Шуланов, Қозыбаев университетінің ректоры:

– Инженерлік бағытта, агротехнология, жаратылыстану ғылымы, цифрлық сала мен педагогикалық мамандықтар бойынша білім беріледі деп жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселе қаралады. Жаңа бағдарлама бойынша студенттерге сабақ беретін оқытушылардың 20-30 пайызы шеттелдік мамандар болады.

Айта кетейік, бірегей жоба бойынша оқыту жаңа оқу жылынан басталады. Университет басшылығының сөзінше, ең алдымен дайындық бөлімі жұмысын бастайды. Себебі, жаңа бағдарлама аясында білім беру процесінің бір бөлігі ағылшын тілінде жүргізілмек.

Бердимурат Баймухан