Денсаулық сақтау

СҚО “жасыл” және “сары” зонаның ортасында тұр

Елдегі эпидахуал күннен-күнге ушығып барады. Бұған басты себеп – “Омикрон” штамының жан-жаққа жайылуы. Дерттің аса қауіпті саналатын бұл түрі бүгінде бірнеше қалада анықталды. Қысқасы – жағдай мәз емес. Өткен тәулікте Қазақстанда антирекорд тіркелді. Соңғы 24 сағат ішінде 9 мыңнан астам отандасымыз тәж вирусын жұқтырып алған. Көш басында – Нұр-Сұлтан. Елордада 5 мыңнан астам жағдай анықталған, ал екінші орында – Алматы қаласы. Онда 1200-ден астам адам індетке шалдыққан. Бұл рете коронавирустың таралу қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында баяуырақ екен.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Біздің өңірде соңғы тәулікте 59 адам коронавирус жұқтырған. Басым бөлігі – петропавлдықтар. Егер өткен аптамен салыстыратын болсақ, облыста 11 пайызға өсім байқалады. Бүгінде аймақ “жасыл” және “сары” зонаның ортасында тұр деп айтуға болады. Болжам бойынша алдағы күндері біздің өлкеде де тәж вирусын жұқтыру жайттары айтарлықтай артуы мүмкін.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша облыс стационарларында жағдай тұрақты. Бүгінде емдеу мекемелерінде 158 адам ем қабылдауда. Бұл төсек-орын толымдылығының 12 пайызын құрайды. Науқастардың 21-і жансақтау бөлімшесінде жатыр. 16 кісінің жағдайы аса ауыр күйде.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгінде стационарларда ем қабылдап жатқандардың 135-і оттегі концентраторына қосылған. 20 адам интенсивті терапия бөлімшесінде жатыр. Коронавирусқа шалдыққандардың басым бөлігі – егде жастағы жандар. Олардың 98 пайызы вакциналанбаған. Пандемия басталғалы өңірде 451 адам тәж вирусынан көз жұмды. Олардың 90 пайызынан астамы иммундау шарасына қатыспаған.

Енді өңірдегі иммундау шарасына тоқталайық. Бүгінге дейін екпе егу науқанының толық курсынан 257 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өткен. Бұл вакциналауға жататын халықтың 67%-ын құрайды. Аймақта әлі күнге дейін вакцина алмаған жандар да бар. Олардың саны 90 мыңнан асып жығылады. Аққайыңдар өлкесінде ревакцинация да қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 39 мың 373 теріскейлік қосалқы құрамды қабылдаған.

Дана Ешкенова