Денсаулық сақтау

СҚО-да 5,5 мың жасөспірім “Comirnaty” вакцинасын алған

№1 қалалық балалар емханасына таңнан бері жасөспірімдер жиналуда. Барлығы иммундау шарасына қатысуға келген. Бірі терапевт қарауынан өтіп жатса, енді бірі екпе алып, 30 минуттай дәрігердің бақылауында отыр. Соның бірі – Денис Мараховец. 14 жастағы жасөспірім вакцина алуға анасымен келген.

Денис Мараховец, оқушы:

– Жаңа ғана екпе алып шықтым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Вакцина салдыруға анам кеңес берді. Себебі, қазіргі уақытта балалардың көбі тәж вирусына шалдығып жатыр. Бірақ, сыныптастарым әлі екпе алуға асығар емес.

Елена Мараховец;

– Өзім медицина саласында жұмыс істегендіктен вакцинаның пайдасы бар екенін көріп жүрміз. Жасөспірімдерге қойылып жатқан америкалық вакцинаның тиімділігі 95 пайызды құрайды. Баламды жаман індеттен қорғау үшін екпе салтырту қажеттігін шештік. Бүгінде жанұямыздың барлық мүшесі толығымен иммундау шарасынан және ревакцинациядан да өтті. Ешқайсысынан кері әсер байқалған жоқ.

Коронавирусқа қарсы екпе алуға келгендердің арасында студенттер де бар. Кирилл Лукьянов М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 1-ші курсында оқиды. 16 жастағы жасөспірім иммундау шарасынан өтпес бұрын “Comirnaty” препараты жайлы интернеттен біраз ақпарат жинаған екен. Содан соң ғана ата-анасының рұқсатын алып, екпе салдыртуға шешім қабылдаған.

Кирилл Лукьянов, студент:

– Таныстарымның көбі “Pfizer” компаниясы шығарған препаратты салдыртқан. Барлығының жағдайы жақсы. Сондықтан, мен де иммундау шарасына қатысуды жөн көрдім. Бұл – ең бастысы, өзімнің қауіпсіздігім үшін. Сондай-ақ, қазір біраз нысанға “көк” статусы бар адамдардың кіруіне болмайды. Ал екпе алғаннан кейін мен “жасыл” статусқа ауыстым. Бұл да бір ойландыратын жағдай.

№1 қалалық балалар емханасында “Comirnaty” вакцинасын барлығы – 550-ден астам адам қабылдаған. Олардың дені – 12 жастан асқан балалар. Осы ретте өңір бойынша статистикаға кезек берейік, бүгінде америкалық препараттың екінші дозасын 4412 тұрғын салдыртқан. Ал алғашқы компонентті 7 мыңнан астам жан қойдырған.

Дана Ешкенова