Денсаулық сақтау

Облыстық перинаталдық орталық заманауи аппаратпен толықты

Облыстық перинаталдық орталықтағы Fish зертханасы өткен жылы ашылған. Мұндағы заманауи аппарат ұрықтың дамуында патологияның бар-жоғын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Жұмыс барысын ретімен баяндай кетейік. Алдымен жүкті әйелдер ультрадыбыстық зерттеу мен биохимиялық скринингтен өтеді. Егер талдау нәтижелерінде құрсақтағы сәбиден ауытқулар білінсе, болашақ ана міндетті түрде зертханалық диагностикадан өтеді.

Елена Калюжная, облыстық перинаталдық орталықтың директоры:

– Ұрықтың хромосомалық патологиясын анықтау үшін жүктіліктің 16 мен 18-ші аптасында жатырдан амниотикалық сұйықтық алынады. Қорытынды шамамен 3 күн ішінде дайын болады. Егер анализ нәтижесі көңіл қуантпаса, яғни белгілі бір ауытқушылықтар байқалса, жүктілікті тоқтатуға кеңес береміз. Жалпы, соңғы 5 ай ішінде 30-ға жуық нәзікжанды диагностикадан өтті. Өкінішке қарай, жетеуінде хромосомдық ауытқудың бары анықталды. Қазір олар ем қабылдауда.

Бұрындары мұндай тексерістен әйелдер тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында өте алатын. Енді алысқа жол жүрудің қажеті жоқ. Оның үстіне диагностика тегін жасалады. Сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңында орталық су жаңа флюорографиялық аппаратпен толықты. Отандық өнім дәрігерлердің жұмысын әжептәуір жеңілдеткен.

Елена Калюжная, облыстық перинаталдық орталықтың директоры:

– Бұрынғы флюорографиялық аппарат өте ескі, қолдануға ыңғайсыз еді. Қыз-келіншектерді тексеру үшін барлығын қызметкерлер жасайтын. Бүгінде жауапкершілік толықтай аппараттың мойнында, яғни шаруа автоматты түрде іске асады. Босанған нәзікжандылар орталықтан шығарылатын күні міндетті түрде рентген тексерісінен өтеді. Коронавирустың өршіп тұрған шағында жас аналардың өкпесін тексеру өте маңызды.

Жалпы, перинаталдық орталықта нәзікжандылар мен сәбилердің денсаулығы – басты назарда. Тіпті, ана мен бала орталықтан шыққаннан кейін де біршама уақыт дәрігерлердің бақылауында болады екен.

Алтынай Казиканова