Қоғам

Жерлесімізге жәрдем керек

Осыдан бірер жыл бұрын 24 жастағы Вячеслав Кисличенко өңіріміздің беткеұстар спортшыларының бірі еді. Жекпе-жек пен аралас жекпе-жек шебері ел біріншілігінде жүлде еншілеп, Азия чемпионатында көк туымызды желбіретті. Ал қазіргі таңда өмірі үшін күресіп жатыр.

Вячеслав Кисличенко:

– Осыдан екі жыл бұрын арқам маза бермей ауыра бастады. Содан кейін арқадағы ауырлық қол-аяққа тарап, барлық денем әлсіреп кетті. Облыстық ауруханаға, одан кейін елордалық медицина қызметкерлеріне жүгіндім. Дәрігерлер аң-таң болып, мұндай дертпен бірінші рет бетпе-бет келгендерін айтты. Дегенмен, жазыламын деген бойдағы сенім мені алға итермеледі. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибелі маманның қабылдауында болдым.

Елордалық маман Вячеславқа “Бүйірлік амиотрофиялық склероз бен жұлын амиотрофиясы” деген диагноз қойған. Бірақ, бұл дәрігердің нақты қорытындысы емес. Қазіргі таңда азамат айқын диагноз қойылады деген сеніммен ресейлік дәрігерлерден хабар күтуде.

Вячеслав Кисличенко:

Дәрігерлер бұл дерт емделмейді дейді. Тек денсаулықты бірқалыпта ұстап тұруға болады деген ой айтуда. Сондықтан, тиісті терапиядан өтудемін. Массаж бен витаминдер қабылдап жүрмін.

Қажетті препараттардың бағасы удай. Оны 3-ші топ мүгедектігімен айына 34 мың теңге алатын Вячеславтың қалтасы көтермейді. Сол себепті, солтүстікқазақстандық жомарт жандардан көмек сұрайды. Қазіргі таңда оның атына шот ашылып, қаражат жиналуда. Азаматтың туған-туыстары мен достары бұл істің басы-қасында жүр.

Павел Фурманюк,Вячеслав Кисличенконың досы:

Бұл жағдайға қол-қусырып қарап отыра алмадық. Қазіргі таңда 1,5 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Қаражаттың басым бөлігін нақты диагноз қойылғасын емге жұмсаймыз. Ал азын-аулақ бөлігіне Вячеславтың жағдайын бірқалыпта ұстап тұру үшін шетелдік препараттар алудамыз.

Вячеславтың тұрғылықты үйі де жоқ. Қазіргі таңда ағасының үйінде тұрады. Бірақ, жақында бұл мәселе шешімін таппақ. Өңіріміздегі құрылыс компаниясына басшылық ететін жомарт жан пәтер жалдауға көмектеспек екен. Ал, азаматқа моральдық немесе материалдық жәрдем беремін деген тұрғындар экранда көрсетілген нөмір бойынша хабарласып, ақша аудара алады.

Алдияр Айтпаев