Қоғам

Президент тапсырмалары – өзекті мәселелердің шешімі

Президенттің Парламент Мәжілісінің отырысында жасаған кешегі баяндамасын Жанат Мұхамеджанов мұқият әрі зор ықыласпен тыңдаған. Облыстық Азаматтық альянсының төрағасы мемлекет басшысы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ел экономикасын алға жылжытатын шешімдер қабылдағанына дән риза. Азамат Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі»,- деген сөзімен толықтай келісемін дейді.

Жанат Мұхамеджанов, СҚО Азаматтық альянсының төрағасы:

– Соңғы жылдары инфляция ырық бермей кетті. Бағаның күнде өсуін өз көзімізбен көріп жүрміз. Халықтың табысы артқанмен, қымбатшылық белең алып барады. Халықтың табысының 50 пайызға жуығы дерлік азық-түлікке кетіп жатыр. Азаматтардың табысын арттырып, бағаны тұрақтандыру жаңа Үкіметтің міндеті деп есептеймін.

Құлаққа майдай жаққан тағы бір сәт бар. Ол – халық үніне құлақ асатын Үкімет тұжырымдамасын жүзеге асыру. Расымен де, басшылық өкілдері тұрғындарға не керек екенін біліп, санасып отыру керек дейді Жанат Мұхамеджанов.

Жанат Мұхамеджанов, СҚО Азаматтық альянсының төрағасы:

– Конституцияның 3-бабына сәйкес биліктің бірден-бір бастауы халық болып саналады. Яғни, халықтың әл-ауқатын, табысын арттыру – жаңа Үкіметтің міндеті.

Ал «Рух Тіл Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Тоқпанов алдағы уақытта елімізде шет ел университеттерінің бірнеше филиалы ашылатынына қуанышты. Өйткені, болашақ – жастардың қолында. Азамат қыз-жігіттерге Үкімет тарапынан көптеп көңіл бөлінгенін қалайды.

Әнуар Тоқпанов, «Рух Тіл Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

ЖОО ашу, шетел университеттерімен тәжірибе алмасып, жұмыс істеудің пайдасы зор деп ойлаймын. Қазір көптеген жастар жұмыссыз жүр. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, зауыт, фабрикалар көбейсе жақсы болар еді.

Жалпы, өңір белсенділері Президент қозғаған мәселелер шешіліп, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенімді.

Алтынай Казиканова