Құқық қорғау органдары

Облыстың 5 тұрғыны блокбекеттерді айналып өтпек болған

Жеке және жүргізуші куәлігі мен машина құжаттары. Блокбекеттерде тұрған полиция қызметкерлерінің ең бірінші кезекті сұрайтыны – осы. Барлығы дұрыс болса, көлік салонындағы жолаушылармен сұхбаттасады. Кейін жүк салғышты тексереді. Процесс небәрі 5-7 минутқа созылады. Бұл ретте блокбекеттерден кіру және шығу ретін тағы бір мәрте еске салайық. Қаладағы емдеу мекемесіне келетін жандар елді мекендерден емін-еркін қатынай алады. Ол үшін міндетті түрде ауылдық не аудандық дәрігерден жолдамасы болуы тиіс. Петропавлда еңбектенетін ағайын үшін де еш шектеу жоқ. Бастысы, жұмыс орнынан анықтамасын көрсетуі қажет. Сондай-ақ, азық-түлік пен жанар-жағармай сынды маңызды жүк тасымалымен айналысатын адамдар посттан өте алады әрі транзиттік автокөліктердің де қозғалысына тыйым салынбайды. Енгізілген ережелерге солтүстікқазақстандықтар түсіністік танытып отыр.

– Аққайың ауданы Аралағаш ауылында тұрамын. Қалада жұмыс істеймін. Күнде келіп-кетемін. Бірінші күндері ұзақ тұрдық. Қазір 5 минуттай. Дұрыс қой, тексеру керек. Елде не боп жатқанын көрмейсіз бе?

– Мен толық келісемін. Қазақстанда болып жатқан жағдайға байланысты дұрыс қабылданған шаралар деп ойлаймын. Тексеру керек қайталанбас үшін. Қалаға поездға келдік. Астанадан демалысқа келіп еді, төтенше жағдайға байланысты кете алмады. Енді бүгін бара жатырмыз.

– Қабылданған шараларға көзқарасым оң. Біздің уақытымызды алса да біздің қауіпсіздігіміз үшін істеліп жатыр. Сондықтан, түсініктікпен қараймыз.

Облыс бойынша блокбекеттердің саны – 25. Оның бесеуі Петропавл қаласының айналасында орналасқан. Қаңтардың 6-сы қойылған посттардан бүгінге дейін 22 мыңнан аса көлік өтіпті. Ал, 481 темір тұлпардың жүргізушісі мен жолаушылары кері қайтуға мәжбүр болған. Осы күндері өңір комендантымен қабылданған ережелерді ескермей, шаһарға заңсыз жолмен кіруге тырысқандар да табылыпты.

Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Блокбекеттер жұмысын бастағаннан бері блокбекеттер арқылы кіру және шығуды бұзудың, оларды айналып өтудің 5 фактісі тіркелді. Құқықбұзушылар ұсталып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оның төртеуі үш тәулікке қамауға алынды. Біреуіне қатысты әкімшілік айыппұл салынды.

Ішкі істер органдарының қызметкері қабылданған ережелердің барлығы халық пен ел қауіпсіздігі үшін екенін еске салады. Сондықтан, уақытша қойылған шектеу шараларына барынша түсіністікпен қарауды сұрайды.

Эльмира Садвокасова