Денсаулық сақтау

Коронавирус жұқтырғандардың 30%-ы – егде жастағы жандар

Түрлі марафондар, жарыстар мен тренингтер. Спортты жанына серік еткен 60 жастағы Елена Аличева өз денсаулығына бейжай қарамайды. Нәзікжанды күніне 7 шақырым жаяу жүру мен аптасына 3 рет емдеу орталықтарына баруды 4 жылдан бері әдетке айналдырған. Қыста шаңғы тебеді, ал жазда үнемі суға түседі.

Елена Аличева, қала тұрғыны:

Спортпен күнделікті айналысамын. Фитнес залдарға барамын, арнайы терапиядан өтемін. Ағзаға салмақ түсіріп, иммунитетті нығайту қажет.

“Денсаулық – зор байлық”,- деген қағиданы ұстанатын зейнеткер COVID-19-ға қарсы екпенің қос компонентін де алыпты. Толық иммундау шарасынан жазда өткен екен. Енді ақпан айында вакцинаның қосалқы құрамын қабылдамақ.

Елена Аличева, қала тұрғыны:

Менен кейін екпені 85 жастағы анам мен жұбайым алды. Күйеуімде антидене аз уақыттың ішінде пайда болды. Менде сәл кешірек байқалды. Араға 1 ай салып тұмауға қарсы вакцинаны да алдық. Ешқандай кері әсерлер сезілмеді.

Соңғы уақытта тәж вирусы егде жастағы, яғни 60 асқан азаматтардың бойынан анықталуда. Оған мына бір статистика дәлел: өткен екі аптада өңірде коронавирус жұқтырудың 415 жағдайы тіркеліпті. COVID-19-ға шалдыққандардың 30%-ы – зейнет жастағы жандар, ал соңғы тәулікте коронавирусқа 31 солтүстікқазақстандық шалдыққан.

Алдияр Айтпаев