Денсаулық сақтау

Жамбыл ауданы халқының 90 пайызға жуығы вакцинаның толық көлемін алған

Оксана Ильина ревакцинация курсынан өтуге келді. Жамбыл аудандық ауруханасының зертханашысы жаз айында иммундау шарасынан толық өтіпті. Ендігі кезек – қосалқы құрамда. Препараттың бұл түрін уақытынан кешіктірмей алған дұрыс дейді медициналық қызметкер.

Оксана Ильина, Жамбыл аудандық ауруханасының зертханашысы:

Бүгін мен ревакцинациядан өттім. Медициналық қызметкер болған соң біздің денсаулығымыз мықты болуы қажет. Өйткені, күніне жүздеген адаммен жүздесеміз.

Қазіргі күні Жамбыл аудандық ауруханасындағы медициналдық қызметкерлердің 95 пайызы ревакциналанған. Иммундау шарасының 3-ші кезеңіннен өтпегендер тұрақты түрде ПТР-тест тапсырып отырады екен.

Николай Новиков, Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Вакцина алған медициналық қызметкерлердің арасында да вирус жұқтырғандар болды. Бірақ, олар ауруды симптомсыз өткерді. 2 апта үйдегі карантинде болып, жұмыстарына қайта оралды. Ешқандай пневмония немесе басқа да асқыну жайттары тіркелген жоқ. Бұл – вакцинаның оң нәтиже беріп жатқанының белгісі.

Жалпы, Жамбыл ауданында вакцинаның алғашқы компонентін 11 мың 737 адам қабылдаған. Бұл – аудан халқының 94%-ы. Тұрғындардың басым бөлігі екпе алған соң, ауырғандардың саны азайып, аудандағы инфекциялық стационар да жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар, «Комирнати» вакцинасы бала емізетін аналар мен 12 және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 230-ға жуығына қойылған.

Бердимурат Баймухан