Денсаулық сақтау

Өңірде 35 мыңға жуық адам ревакцинациядан өткен

Бүгінде тұрғындардың бірі ревакцинациядан өтіп жатса, енді бірі екпенің алғашқы құрамын қабылдауда. Петропавлдық Дмитрий Попов бүгін “Vero Cell” вакцинасының 2-ші дозасын қойдыруға келіпті.

Дмитрий Попов, қала тұрғыны:

– Бұған дейін екпеге сеніңкіремей жүрдім. Сол себепті, вакцина алуға асықпадым. Бірақ, таяуда жақыным қауіпті індеттің кесірінен көз жұмды. Бұл жағдай менің вакцинаға деген көзқарасымды өзгертті.

Ал Лидия Воронкова вакцинаның алғашқы қос құрамын маусым айында алған. Араға 6 ай салып нәзікжанды №3 қалалық емхананың отбасы денсаулығы орталығына қайта келіп отыр. Бүгін жұбайы екеуі ревакцинациядан өтпек.

Лидия Воронкова, қала тұрғыны:

Жазда “Спутник V” екпесін алдық. Бүгін отандық “QazVac” препаратын ектірмекшіміз. Әр адам иммундау шарасынан өтуі тиіс. Өз басым вакцина туралы ешқандай қауесетке сенбеймін.

Жалпы, күніне №3 қалалық емхананың отбасы денсаулығы орталығына ревакцинацидан өтуге 10-нан астам адам келеді екен.

Фариза Ахметжанова, №3 қалалық емхананың отбасы денсаулығы орталығының жалпы тәжірибедегі дәрігері:

Біз қала тұрғындарына қоңырау шалып, екпе алуға шақырамыз. Екпені алғаш рет алуға келгендерге “Спутник V” ұсынылады, аал ревакцинация барысында “QazVac” екпесі қолданылады. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін аналарға “Pfizer” вакцинасы қойылады.

Өткен жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында №3 қалалық емханада вакцинациядан 7700-ге тарта адам өткен. Демек, бұл жандар қазіргі таңда ревакцинациядан өтулері тиіс. Дәрігерлер ұсынған дерекке сүйенсек, бүгінде қосалқы құрамды 2300-ден астам жан қойдырыпты.

Алдияр Айтпаев