Денсаулық сақтау

Облыстық қан орталығы штаттық режимде жұмыс істеуде

Максим Остапенконы облыстық қан орталығының қызметкерлері жақсы біледі. Өйткені, петропавлдықтың донор болғанына 10 жылға жуық уақыт болыпты. Мамандардан шақырту түссе, міндетті түрде келемін дейді ол.

Максим Остапенко, қала тұрғыны:

– Мүмкіндік болса, міндетті түрде келіп қан тапсырамын. Оның мен үшін еш қиындығы жоқ. Керісінше, адам өмірін құтқаруға көмектесемін әрі қан тапсыру бұл денсаулыққа пайдалы деп білемін.

Мұнда келгендер ең алдымен тиісті тексеруден өтеді. Дәрігерлер рұқсат берген соң ғана қан тапсыруға болады. Жалпы, мамандар солтүстікқазақстандық донорлар өте белсенді дейді. Тіпті, осы демалыс күндері де келіп қан тапсырғандар бар.

Светлана Задворная, облыстық қан орталығы бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Қаңтардың 7-сі мен 8-і күндері біз жұмыс істедік. Демалыс күндері 50-ден астам адам келіп, қан тапсырды. Олардың ішінде тұрақты донорлардан бөлек, алғаш келгендер де болды.

Жалпы, орталық мамандарының айтуынша, мекеме штаттық режимде жұмыс істеуде. Қазір мұндағы қан қоры да жеткілікті көрінеді. Десе де, емдеу мекемелерін қамтамасыз етіп отырғандықтан қан үнемі қажет.

Магжан Ахмадина