Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы өтті. Жиында отандық күш құрылымдарымен елді мекендерде «тазалау» жұмыстары жалғасып жатқаны баяндалды. Лаңкестердің орналасқан жерін анықтау, ұстау, оларға қатысты құжаттар мен мәліметтерді жинау және тиісті сараптама жасау жөнінде шұғыл шаралар атқарылуда. Қаңтардың 9-ы таңертеңгі мәліметке сәйкес, ел бойынша 125 қылмыстық іс қозғалған. Полиция органдарына 5800 адам жеткізілген. Олардың арасында көптеген шетелдік азамат бар.

Отырыста еліміздің барлық өңірлерінде ахуалдың тұрақтанғаны, жағдайдың бақылауға алынғаны және құқық қорғау органдары әкімшілік ғимараттардың бәрін лаңкестерден тазартқаны туралы айтылды. Коммуналдық және тіршілікке қажетті басқа да нысандар қалпына келтіріліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдардың еліміздегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті. Отырыс барысында Мемлекет басшысы тәртіпсіздіктердің салдарынан келген шығындардың орнын толтыру үшін Үкіметтік комиссия құруды тапсырды. Президент Алматы қаласы мен басқа да өңірлердің әкімшілік ғимараттарын, әлеуметтік және коммуналдық нысандарын жөндеу жұмыстарына жедел кірісуді тапсырды.

Эльмира Садвокасова