МТРА жаңалықтары

Газ бағасы төмендетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріледі. Тиісті шешімдер қабылданады. Ертең осы мәселелер бойынша арнайы жиналыс өткізіледі.

Бүгін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өтті. Президент Асқар Маминнің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін хабарлады. ҚР Конституциясына сәйкес Премьер-Министрдің қызметтен босатылуы бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Ақорданың хабарлауынша, Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша өз қызметтерін атқара береді. Ал, Премьер-Министрдің міндетін Әлихан Смайылов орындайды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты. Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болмақ. Кейін Президент Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы реформалауға қатысты жүйелі әдістің жоқ екенін атап өтті. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету қажет деді Президент. Осыған байланысты мемлекет басшысы қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біріншіден, мен Маңғыстау бойынша Үкіметтік комиссияның ұсынған шаралар кешенін мақұлдаймын. Екіншіден, монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағаларын 180 күнге уақытша бағалық реттеуді енгізуді тапсырамын. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс. Үшіншіден, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын.

Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет,- деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырды. Шаруа 20 күннің ішінде атқарылуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді:

1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;

2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;

3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;

4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;

5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;

6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссияға, құқық қорғау органдарына және Маңғыстау облысының әкіміне ахуалды тұрақтандыру жұмыстары үшін алғыс білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау мен Алматы өңірлерінде төтенше жағдай режимі қабылданды. Бейбіт шерудің соңын араңдатушылар мен деструктивті топ өкілдері бұзақылыққа айналдырып жіберді. Сағат 14-00-дегі деректер бойынша қитұрқы әрекетке барған провакаторлардың қолынан ішкі істер органының 140-қа жуық қызметкері зардап шегіп, ондаған қызметтік көлікке зақым келді. Оның арасында полицейлер, жедел жәрдем мен өрт сөндіруші машиналар да бар.

Эльмира Садвокасова