Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіретін зауыт іске қосылды

Үстіміздегі жылдың сәуір айына дейін бұл жер бос жатқан. “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінің басшылығы аумақты жалға алып, бірден зауыт салуға кіріседі. Небәрі 8 айдың ішінде су жаңа өндіріс орны бой көтерді. “Нысан бүгін толық қуатта жұмыс істеуге дайын”,- деді кәсіпорын директоры Александр Фадеев.

Александр Фадеев, “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

Украина елінен соңғы үлгідегі озық құрал-жабдықтар сатып алынды. Арнайы зертхана да салдық. Зауыт тұқым қорын айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ, өзімізді жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Толығымен автоматтандырылған зауытта сұрыпталған тұқымның сапасы екі есеге артпақ екен. Себебі, дән 6 кезеңдік тазалаудан өтіп, зиянкестерден арылады. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда кез келген астық түрі тазартылады. Яғни, дәнді де, майлы да, бұршақ тұқымдас өнім де егістік науқанына әзірлеу процесінен өтеді.

Жоба құны 751 млн теңгені құрайды. Кәсіпорынды “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінің басшылығы өз қаржысына тұрғызған.

Зауыттың ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келді. Өңір жетекшісі кәсіпорынның жұмысымен жіті танысып, серіктестік өкілдеріне сәттілік тіледі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

“Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінің басшылығын жаңа зауыттың ашылуымен құттықтаймын. Мұндай кәсіпорын бізге өте қажет. Жақсы өнімге қол жеткізу үшін істі сапалы тұқымнан бастау керек.

Кинталь Исламов, “Атамекен-Агро” АҚ басқарма төрағасы:

Зауыт жұмысының нәтижесінде тек шығымдылығы жоғары тұқымды ғана іріктеп аламыз. Сәйкесінше, жер жарып шыққан дақылдың биіктігі қазіргідей әр түрлі емес, бір деңгейде болады. Бұл орақ науқанында өнімді барынша шығынсыз жинап алуға мүмкіндік береді.

Тілдесу барысында Құмар Ақсақалов мұндай зауыт елімізде, әзірге, жалғыз екенін атап өтті.

Зауыттың ашылуымен 20-ға жуық адам екі қолға бір күрек тапты. Орташа жалақы көлемі 190 мың теңгені құрайды. Енді алдағы жылы “Атамекен-Агро” АҚ Корнеевка селосында 680 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастамақ. Жоспар бойынша өндіріс ошағы 2023 жылы қолданысқа тапсырылады. Іске 3,3 млрд теңге жұмсау көзделген. Нәтижесінде тағы 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі
:

Сондай-ақ, келесі жылы “Ебжанов и К” серіктестігі 400 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасын іске қоспақ. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Зауытқа қажетті қондырғылардың барлығы сатып алынды. Шетелден мал жеткізілді.

Алдағы жылы Есіл ауданына қарасты Двинск ауылында 10 мың тоннаға арналған астық сақтау қоймасы да қолданысқа тапсырылады.

Дана Ешкенова