Қоғам

Бескөлде қарттар арасында жарыс өтті

Бұл жарыста Майра Әбілмәжінова бірден көзге түседі. Зейнеткер ұлттық нақыштағы киімін киіп, басына әдемі орамалын тағып бүгін сынға түсуде. Таңдаған спорт түрі де ерекше. Әжеміз көненің көзіндей болған қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты ойнауда.

Майра Әбілмәжінова, зейнеткер:

Арасында балаларым ойнап тұрады. Кішкене болса да немерелерімізге де үйретеміз. Бұл жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын.10 Бүгін өте қуанышты күн. 44 Бәрімізге жеңіс тілеймін.

Ал мына жақта Балға Қазанғапов қарсыласымен бірге дойбыдан ой жарыстыруда. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген ұстанымды қажет ететін сында 79 жастағы Балға Қазанғапов жеңіске жетті. Зейнеткер бұл жарысқа Петерфельд ауылының атынан өзі жалғыз келген екен.

Балға Қазанғапов, зейнеткер:

Ұйымдастырылып жатқан жарыс көңілімнен шығуда. Жылдар бойы көрмеген адамдармен қауышып жатырмыз. Оның өзі біз үшін үлкен қуаныш. 11 Осында жиналған қауымды келе жатқан Қарттар күнімен құттықтаймын. Отбасыларына – бақыт, дендері сау болсын.

Зейнеткерлер арасындағы бүгінгі жарыс ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қарттар күні қарсаңында өткізілуде. Сайысқа 90-ға тарта егде жастағы жан қатысуда. Олар өзара дойбы, шахмат, дартс, үстел теннисі мен тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлері бойынша сынға түсуде.

Жұмағали Қожахметов, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бұл – үлкен мереке. Қарттарымыз бұл жарысты асыға күтеді. Былтыр пандемияның кесірінен өткізген жоқпыз. Биыл, міне, 5-ші рет жиналып отырмыз. Жүлдеге ілінгендерге диплом, кубок береміз.

Сөз соңында айта кету қажет. Бүгінде Қызылжар ауданында 9 мыңнан астам зейнеткер бар.

Алдияр Айтпаев