Денсаулық сақтау

Өңірде соңғы 2 айда 158 адам коронавирустан көз жұмды

Соңғы тәулікте өңірде 76 адам коронавирусқа шалдыққан. Оның 73-інен аурудың анық белгілері байқалады. Науқастардың басым бөлігі – әдеттегідей петропавлдықтар. Облыс орталығында 21 жағдай тіркелген. Жалпы, аймақта соңғы екі аптада мыңнан астам жан тәж вирусын жұқтырған. Бұл – алдыңғы қос жұмадағы көрсеткіштен 1,2 пайызға төмен. Демек, өңірде эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Осыған байланысты коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік комиссия карантин қағидаларын жеңілдетті.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

Жаңа қаулыға сәйкес, “Ashyq” жобасына қатыспайтын діни нысандар келушілерді қабылдап, іс-шаралар өткізе алады. Бірақ, сыйымдылық көрсеткіші 30%-дан аспауы қажет. Тағы, спорттық сайыстарда көрермендердің толымдылығы 15% құрағаны жөн. Ал, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары келушілерді 20% дейін қабылдай алады.

“Ashyq” жобасына қатыспайтын сауда-ойын-сауық орталықтары, спорттық кешендер мен фитнес орталықтары келушілерді демалыс күндері де қабылдай бермек. Ал қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты түнгі 12-ге дейін ұзартылып отыр.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– “Ashyq” қосымшасы арқылы жұмыс істейтін дәмханалар мен мейрамханаларға той-томалақ, отбасылық, естелік жиындар өткізуге рұқсат беріледі. Тек қызметкерлер мен келушілердің мәртебесі “жасыл” болуы тиіс. Қонақ саны 70-тен аспауы қажет. Сондай-ақ, конференция, форум, ойын-сауық және өзге де іс-шараларды орын санын 70-тен асырмай өткізуге болады.

Соңғы уақытта өңірде коронавирусқа қарсы екпе алу қарқыны бәсеңдеген. Тәулігіне орта есеппен алғанда небәрі 400-500 адам егіледі екен. Мамандардың сөзінше, бұл эпидемиологиялық жағдайға теріс әсер етуде. Мәселен, облыста соңғы 2 айда тәж вирусынан 158 адам көз жұмған.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Өңірде өлім-жітім тамыз айымен салыстырғанда төмендеді, бірақ, ол қаңтар, сәуір, мамыр айларымен салыстырғанда жоғары. Бүгінде облыс стационарларында 570-тен астам адам ем қабылдап жатыр. Айта кететіні, коронавирус жұқтырғандардың арасында мектеп оқушылары да аз емес.

Бүгінде 120-дан астам бала үйлерінде ем қабылдауда. Ал 10-нан астамы стационарларда жатыр. Олардың жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда. Жалпы, оқу жылы басталғалы өңірде 149 сынып карантинге жіберілген.

Дана Ешкенова