Билік

Тұрғындарды толғандырған мәселелер шешімін табады

Бұл – Ұзынкөл ауылы. Мағжан Жұмабаев ауданының іргесінде орналасқан елді мекенде қазір 460-тан аса адам өмір сүреді. Халықтың бәрі жұмыспен қамтылған. Мұнда 4 өндіріс орны бар. Төртеуі де ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Есесіне инфрақұрылым жағы кенжелеп тұр. Ауылда таза ауыз су тапшы, жолдың жағдайы мүшкіл. Айта кетейік, 2 ай бұрын жергілікті жұртшылық округ әкімін сайлаған болатын. Тұрғындар бірауыздан жаңа лауазымға Асқар Тұрсынбаев есімді азаматты лайықты деп таныған.

Асқар Айтбайұлын бала кезінен танимын, өте еңбекқор адам. Сол себепті оған өз дауысымды бердім.

Ольга Кондратованың жасы 71-де. Зейнеткер 50 жылдан бері Ұзынкөлде тұрып жатыр. Ауылдың халқымен жақсы таныс, елді мекеннің жай-күйін 5 саусағындай біледі. Мәселелер туындап жатса жергілікті билікке жеткізіп отырады. Сөзінше тұрғындар жыл сайын әкімдіктен ауыз су проблемасын шешуді сұрайды.

Ольга Кондратова, Ұзынкөл ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

Бізде су мәселесі өзекті. Ауылға берілетін тіршілік нәрі жас мезгілінде шеткері көшелерге жетпей қалып жатады. Жаңа әкім осы мәселені шешіп берсе екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында былай деген болатын: “Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын”. Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Тұрсымбаев өз кезегінде жергілікті жерде суға қатысты проблеманы шешудің жолы қазірден белгілі дейді.

Асқар Тұрсымбаев, Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

Жаз мезгілінде судың шеткері көшелерге жетпей қалуының себебі қысымның азаятындығында. Тіршілік нәрін тартатын станцияға электр энергиясын өткізіп, насостарды қосу қажет. Осылайша, жыл он екі ай су тапшылығы туындамайды. Мәселе келесі жазға дейін шешіледі.

Ауылда жол сапасы да сын көтермейді. Ауыл арасында жүріп тұру қиын дейді тұрғындар.

Асқар Тұрсымбаев, Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Ұзынкөлде 20 шақырымға жуық жолды жөндеу керек. Қоскөл мен Шаңдықта 10 шақырымды қалыпқа келтіреміз. Возвышенкаға апаратын трасса да жаңғыртуды талап етеді. Бұл мәселелер келешекте шешіледі. Алдымен қаржы жағын реттеп алу керек.

Жалпы, қазір ауылдық округте 700-ге жуық адам тұрады және 250-ден аса үй бар. Алдағы уақытта аталған ауылдар толығымен жарықтандырылмақ.

Бердимурат Баймухан