Билік

Парақорларды ұстап берген 4 азаматқа 816 мың теңге берілді

Қозыбаев университеті, еңбек инспекциясы мен денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы басқармалары. Осы және өзге де 10-ға жуық ведомствода биыл ішкі сараптама жүргізілген. Яғни, антикор мамандары мемлекеттік мекемелерде орын алуы мүмкін парақорлық тәуекелдерін тексерді. Нәтижесінде олқылықтарды түзету не жою бойынша 218 ұсыныс айтылған. Мәселен, аграрлы сектордағы субсидиялауға тоқталар болсақ.

Жарқын Ғалымов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Өңірдегі агроқұрылымдардың бірі астық сақтау қоймасын кеңейту үшін ауыл шаруашылығы басқармасының көмегіне жүгінген. Бірақ, мамандар субсидиялаудан бас тартыпты. Себебі, кәсіпкердің дәл осы қызметке арналған лицензиясы болмаған. Біз бейінді министрлікке жүгініп, мемлекеттік көмекті алу үшін лицензияның қажет еместігін анықтадық. Нәтижесінде, бизнесмен 42 млн теңге көлемінде қолдауға ие болды.

Бұл – субсидиялау бойынша орын алатын жалғыз кемшін тұстар емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті аталған салада тіркелген олқылықтарға қатысты 47 ұсыныс білдіріпті. Бизнес өкілдерінің құқығы “Protecting business and investments” жобасы аясында да қорғалуда.

Жарқын Ғалымов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– СҚО-да 37 инвестициялық жоба бойынша бизнесмендермен келісім-шарт жасалды. Оның ішінде 10 іскер азаматпен биылдан бастап жұмыс істеудеміз. Біз кәсіпкерлерді олардың жұмысына мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғаймыз.

Ауыз бастырық пен көз қыстылықтың алдын алумен қатар, департамент мамандары парақорлық фактілерін ашу бойынша да еңбектенуде. Жыл басынан облыста 59 қылмыс тіркеліпті. Сыбайлас жемқорлыққа барған 8 мемлекеттік орган басшысы құрықталған. Олардың 2-уі – облыстық, қалғаны аудандық маңыздағы мекемеге жетекшілік еткен. Мемлекетке келтірілген шығын 48 млн теңгеге жуықтайды. Бүгінде қаражаттың 91 пайызы қайтарылды. Қылмыстың бетін ашуда қарапайым азаматтардың да көп көмегі тиген. 4 адам орын алған парақорлық фактісі туралы бейінді департаментке хабар берген. Бұл қызметі үшін оларға жалпы сомасы 816 мың теңге көлемінде сыйақы берілген.

Эльмира Садвокасова