Балалар

Президенттік жастар кадрлық резервіне құжаттар қабылданып жатыр

Президенттік жастар кадрлық резервіне жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі кемінде 5 жылды құрайтын кез келген адам қатыса алады. Сондай-ақ, үміткерлердің барлығы міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі тиіс. Бүгінге дейін байқауға қатысуға 120-ға жуық теріскейлік жас өтініш беріп үлгерген. Дені – Ақжар, Уәлиханов және Қызылжар аудандарының азаматтары.

Гүлмира Қасиенова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Үміткерлерге мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау қажет болып табылады. Ол ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы керек. Сонымен қатар, алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, жалдау процесі талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған.

Жалпы, Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу мынадай негізгі кезеңдерден тұрмақ.

1) күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
2) ситуациялық тапсырмаларды шешу;
3) құзыреттерді бағалау;
4) сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.

Енді әрқайсысына жіті тоқталсақ. Бірінші кезең кандидаттардың күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл кезең құжаттарды тапсырғаннан кейін қазанның 2-сі мен 9-ы аралығында өтеді. Екіншісі – ситуациялық мәселелерді шешу кезеңі. Бұл кезең кандидаттардың проблемаларды шешу қабілетін бағалауға бағытталған.

Жанат Жұмабаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау. Мұнда үміткерлердің көшбасшыларға тән бірқатар мінез-құлықтары анықталып, бағаланады. Ал төртінші кезеңде сараптамалық комиссия мүшелері кандидаттармен әңгімелеседі. Аталған кезеңге бұған дейін ұпай саны бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген қатысушылар жіберіледі.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша сараптама комиссиясы резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін қалыптастырады және оны ұлттық комиссияның қарауына жібереді. Жобаға қатысу үшін тиісті құжаттарды үміткерлер қыркүйектің 30-ына дейін pkrezerv.gov.kz сайты арқылы жолдай алады. Биылғы іріктеу қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне ел бойынша 50 адам алынады.

Дана Ешкенова