ТКШ

“Қызылжар су” күкіртсутегінің ауадағы мөлшерін азайтуға кірісті

Биылғы көктем петропавлдықтардың есінде ұзаққа сақталмақ. Әйтпегенде ше, жатсаң да, тұрсаң да, қаланың қай бөлігінде болсаң да – бір жағымсыз иіс. Бәріне себеп – қала сыртындағы кәріз суы құйылатын биотоған. Күн жылып, су булана бастағанда су торабынан күкіртсутегі бөлінеді. Сорақысы сол – оның мөлшері нормадан 10 есе асып түскен.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:

– Проблема 2016 жылдан бері көтерілуде. Осы мәселе СҚО бойынша экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жол картасына енгізілді. Жол картасы экология министрі және облыс әкімімен келісілді. Біздің СЭС-тің мәліметі бойынша бұл иістің далада адам ағзасына еш әсері жоқ. Тек жабық нысандарда ғана өз қаупін келтіреді.

Проблема бар жерде шешім де бар. Экологиялық мәселені біржақты етуге монополистер биыл маусым айынан кірісті. Маңызды істі жергілікті судың ғылыми-техникалық орталығы атқаруда. Мамандар 2016 жылдан бері теріскейдің климатына бейімделген хлорелланы өсірген. Өсімдіктің бұл түрі лас суды тазартуда – таптырмас көмекші.

Александр Рейбандт, “Судың ғылыми-технологиялық орталығы” ЖШС директоры:

– Су торабына жіберілген хлорелла кез келген өсімдікке тән функцияны атқарады. Яғни, үлкен көлемде көмірқышқыл газын оттегіге айналдырады. Осылайша, тіршілік көзінің табиғи түрде тазаруына септеседі.

Хлорелла омыртқасыз жануарлардың жемі болып табылады. Яғни, мұндай организмдер биобалдырларды тұтыну арқылы көбейеді. Омыртқасыздардың пайдалы функциясы – су тазалау. Тәулігіне олар тіршілік көзін екі мәрте фильтрлейді екен. Яғни, бір ғана хлорелланы биотоғанға жіберу арқылы суды екі деңгейлі тазартудан өткізуге болады.

Александр Рейбандт, “Судың ғылыми-технологиялық орталығы” ЖШС директоры:

– Хлорелланы кішігірім су айдынында дайындадық. Қажетті мөлшерде әзірлеу үшін 1-1 жарым ай уақыт кетті. Алғашқы легін тамыздың 23-і жібердік. Оның көлемі 1700 тоннаны құрады. Қыркүйектің 11-і тағы 2300 тонна биобалдырды суға құйдық.

Биобалдырдың су ортасына бейімделіп, тарауы үшін күн сәулесі мен ауа температурасы 16 градустан жоғары болуы керек. Сол себепті, әзірге, жұмыс тоқтап тұр. Бірақ, шаруа қыста қайта жалғасады. Көктемге дайындық ретінде мамандар 15 тонна хлорелланы мұз ойықтарын жасап, суға жібермек. Нәтижесінде келесі жылы күн жылығанда күкіртсутегінің мөлшері биылғыдан төмен болады. Яғни, жағымсыз иіс те азаяды.

Жеңіс Сұлтанов, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:

– Биотоғанды тазарту жұмыстары 3 жылға жоспарланған. Шаруаны атқаруға 124 млн 600 мың теңге бағытталады. Биыл үнемделген қаражат есебінен 26 млн теңге бөлдік. Жоба аяқталғаннан кейін де жыл сайын белгілі бір мөлшерде хлорелланы су торабына жіберетін боламыз. Осылайша, күкіртсутегінің мөлшерін әрдайым қалыпта ұстай аламыз.

Яғни, күкіртсутегінің нормадан тыс мөлшеріне қатысты мәселе бір мезетте шешіле қалмайды. Биотоғанды тазарту үшін кемінде 3 жыл уақыт қажет.

Эльмира Садвокасова