Мәдениет

«Ысқақ» қойылымы сахналанды

Қараңғы түнекке жарық беріп, үміт сыйлай білген жан. Қойылым ұрыс даласындағы қақтығыстан басталады. Жерлесіміз Ысқақ Ыбыраев – Кеңес әскерлерінен құралған взводтың командирі. Өрімдей жас жігіттер Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, қан майданнан бірақ шыққан. Көздері қанға толған жау жағадан алып, анталап келеді.

Кеңес әскері бір сәтке де босаңсыған жоқ. Олар өздерінің айла-тәсілін қолданып, жаудың қоршауын бұзып шығады. Кейін, қарсы жақтың взводына жойқын соққы беріп, жермен-жексен етеді. Бұл ұрыста Ысқақ Ыбыраев көзсіз ерлік көрсетеді. Ол батылдығымен қоса, тактикалық шеберлігімен, көрегенділігімен ерекшеленеді. Осы үшін даңқты жерлесімізге “Кеңес Одағының батыры” медалі беріледі. Қасиетті қара шаңырақтың актерлері шытырманға толы оқиғаны құдды бір майдандағыдай көрсете білді. Басты рөлді Дүйсенхан Қасым сомдауда.

Дүйсенхан Қасым, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері

– Бұл үлкен жауапкершілік. Шынымды айтсам, мен қатты қорықтым. Өмірде болған тұлға. “Оны мен қаншалықты ұқсата аламын, образды қалай алып шығамын” – деген қорқыныш болды. Оны жасыра алмаймын. Өр мінезді, шындықты бетке ашық айтатын адам. Өтірікке жаны қас. Тек халықтың қамын ойлаған.

Батыр атанған жерлесіміз соғыстан кейін кіндік қаны тамған жерге оралып, ел игілігі үшін қызмет еткен. Ол кезде жиені Зәуре Мәдиева 5-ші сыныпта оқыпты. Жеткіншек нағашы атасының соғыстағы оқиғаларын жиі естіп, ақылын тыңдап өскен екен.

Зәуре Мәдиева, Ысқақ Ыбыраевтың жиені:

– Ысқақ Ыбыравтың шешесінің сіңлісі – біздің әжеміз. Көрші тұрдық. Батыр адам болды. Мектепке келіп балаларға айтып беретін.

Тың туынды Ысқақ Ыбыраевтың 110 жылдығына арналып отыр. Қойылым театртанушы Нұрислам Әбділдің пьесасы желісінде сахналануда. Ал, режиссері – көкшетаулық Фархадбек Қанафин.

Дәурен Тойбазаров, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі

– Фархадбек Қанафин биылға осымен екінші рет келіп отыр. Театрдың барлық актері қатысты. Арасында жастар бар.

Премьераны көрермен қызыға тамашалады. Олар актерлердің шеберлігін жоғары бағалады.

Ердаулет Ибадулла:

– Ысқақ ағаны көріп, соғыста болып келгендей сезімде болдым. Өте керемет туынды.

Маржан Касымбек