Құқық қорғау органдары

Скутер тізгіндеген баукеспелер

Қалада телефон ұрлығы жиілей түсті. Күні кеше облыс орталығында өзімен таныспаған қыздан байланыс құралын тартып алған жігіт ұсталса, бұл жолы скутер тізгендеген баукеспелер құрықталды. Олар шаһар тұрғынының қолынан заман игілігін жұлып алып, қос дөңгелекті көлікпен қаша жөнелген.

Петропавлдық түн ортасында қонақтан шығып, үйіне бара жатыпты. Бір сәтте хабарласпақшы болып қалтасынан смартфонын алып шыққан. Сол уақытта белгісіз біреу телефонын жұлып алып, жанына тоқтаған серіктесімен оқиға орнынан тайып тұрған. Таңертең ұрлықшылар ұсталды. 15 және 18 жастағы күдіктілерді полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен қолға түсірді. Тергеу кезінде кәмелет жасқа толмаған жеткіншектің бұрындары әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Райымбек Мусанов, Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі:

Осы іс бойынша Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімімен 191-бап «Тонау» фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Петропавл қаласының екі тұрғыны ұсталды. Оның біреуі кәмелет жасқа толмаған.

Бердимурат Баймухан