ТКШ

Петропавлда автобустардың бағыты өзгереді

Айта-айта жауыр болған қоғамдық көліктердің мәселесі біртіндеп түзеліп келеді. Жуырда қала автобустары жаңарып, оларға электрондық билеттеу жүйесі енгізілді. Бірақ, әлі де тұрғындарды алаңдатар проблемалар баршылық. Мәселен, петропавлдық діттеген жерге жету үшін бірнеше автобус ауыстыруға тура келеді дейді.

Бізде, негізі, автобус бағыттары дұрыс үйлестірілмеген. Менің ойымша 9-шы маршруттан бөлек, барлық бағыттарды оңтайландыру қажет.

Кейде діттеген жерге жету үшін бірнеше автобусқа міну қажет. Бұл өте ыңғайсыз. Қаламыз соншалықты үлкен емес қой. Бұл мәселе шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Қала әкімдігі бұл мәселелерді ескере отыра автобус бағыттарын оңтайландырмақ. Кей қоғамдық көліктер алынып тасталады, кейбірінің бағыты сәл өзгермек. Өзгерістерге толығырақ тоқталып өтейік. Қырқүйектің 12-сінен бастап 21-ші маршрут жойылады. Себебі, аталған маршрут 2-ші автобустың бағытын қайталайды. Ал №2 қоғамдық көлік қозғалысының схемасында айтарлықтай өзгерістер болмақ.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

21М алынады. Оның орнына №2 автобус жүрмек. Аталған қоғамдық көлік енді Береке жақтан келе жатып Потанин, Интернационал және Сәтпаев көшелері арқылы вокзалға соғатын болады. Сол сияқты 22 маршруттың да бағыты өзгермек. Енді бұл қоғамдық көлік Кошуков, Медведев, Кеншінбаев және Астана көшелерімен де жүретін болады.

Сондай-ақ, тағы 3 маршруттың бағыты өзгермек. Мәселен, №31 автобус енді Интернационал көшесі арқылы Пушкин мен Сәтпаев көшелері арасында қатынайтын болады. Ал 20-шы автобустың бағыты “Зенченко” зауытына дейін ұзартылады екен. Тағы, 26-шы бағыттағы қоғамдық көлік енді Бөкетов көшесі бойында жүрмек.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

Бүгінгі таңда қалада 220 автобус, 20 маршрут бар. Көбіне автобустар бір-бірінің жолын қайталайды. Олар бір-бірінің жолын қайталамас үшін және де басқа көшелерді маршрутпен қамтамасыз ету үшін осындай оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.

Сөз соңында естеріңізге сала кетейік, биыл қоғамдық көліктің 45-і су жаңасына ауыстырылған болатын. Жыл соңына дейін тағы 55-і жаңартылмақ.

Дана Ешкенова