Құқық қорғау органдары

Өңірде заңсыз аң аулау фактісі тіркелді

Есіл ауданында заңсыз аң аулау фактісі тіркелді. Явленка селосының қос тұрғыны елік пен қабан атып алған. Екеуі де олжаларымен үйлеріне бара жатқан жерлерінде ұсталды. Түз тағыларының етін көліктің жүксалғышына салып қойған екен. 33 және 19 жастағы екі ер адам заңсыз аң аулағандарын бірден мойындаған.

Аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті сараптама тағайындалып, шығын көлемі есептелуде. Жалпы, жыл басынан бері өңірде осымен 5 заңсыз аң аулау фактісі тіркелді. Естеріңізге сала кетейік, облыс аумағында күзгі аң аулау маусымы қыркүйектің 1-інен басталды. Қазіргі уақытта дала құстарын ғана атуға рұқсат берілген. Сондай-ақ, тиісті жолдама рәсімдеу арқылы борсық, қабан мен маралды аулауға болады.

Дана Ешкенова