Құқық қорғау органдары

СҚО-да бөтеннің 5 қойын атып, етін бөліп алғандар анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында бөтеннің 5 қойын атып, етін бөліп алғандар анықталды. Жақында Аққайың аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын жүгінген. Нәзікжанды 39 бас Шопан ата төлінен көз жазып қалыпты.

Мамандар бірден іздеу шарасына кіріскен. Тура 1 тәуліктен кейін тұяқтылар табылыпты. Олар іргедегі Мағжан Жұмабаев ауданына өтіп кеткен екен. Алайда, санақ кезінде 5 бастың жетпейтіндігі белгілі болған. Тәртіп сақшылары төңіректі шарлап, орманнан күйік шалған қой бастарын табады. Полицейлер жақын маңайда ағаш дайындаумен айналысып жатқан бригаданы тексереді. Сонда 43 жастағы бригадир мен 46 жастағы жұмысшы үй жануарларын атып, етін бөліп алғандарын мойындайды. Екеуі де – Булаево қаласының тұрғындары. Еттің бір бөлігі – сол жерден, қалғаны күдіктілердің үйінен табылады. Тағы, бригадирден тіркелмеген 16-шы калибрлі аңшылық мылтық пен 6 оқ тәркіленеді. Келтірілген шығын көлемі – 1 миллион 300 мың теңгенің үстінде. Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде 22 мал ұрлығы тіркелген. Олардың 20-ның беті ашылыпты.

Руслан Сапаров, Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– Орын алған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардан малдарын қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Иесіз жайылған төрт аяқтылар жоғалып кетуі немесе ұрылардың олжасына айналуы мүмкін. Әрі жол-көлік оқиғасын тудыру ықтимал.

Байболат Култанов