Қоғам

Өңірде жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 бала көз жұмған

Жаңа оқу жылы басталысымен Петропавл көшелеріндегі қозғалыс та көбейді. Ұл-қыздарын мектепке апаратын ата-аналар, сабақтан қайтқан шәкірттер, әрлі-берлі қатынаған темір тұлпарлар мен жаяу жүргіншілерден көз жаңылысады. Сәйкесінше, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупі артып отыр. Осыған орай облысымызда «Абайлаңыз – балалар!» атты жедел-профилактикалық іс шара өткізілуде. Акция аясында полицейлер мен белсенді жандар тұрғындарға жолда жүру ережелерін түсіндіріп, оқу ошақтарының айналасына жол белгілерін орнатуда.

Қанат Айтбаев,  СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Мектептерде полиция қызметкерлері түсіндіру шараларын өткізеді. Оқушыларға жолда журу ережелерін айтып, жаднама қағаздарын таратамыз. Ата-аналармен, мұғалімдермен ақылдаса отыра, балалардың оқу ошағына келіп-кету бағыттарын құрамыз. Сондай-ақ, қазіргі күні облысымызда 200-ден астам жас инспекторлар жасағы бар. Олардың құрамына дайындықтан өткен 4 мыңдай оқушы кіреді. Бұл балалар өз қатарластарына қауіпсіздік қағидаларын үйретумен айналысады.

Жан-жаққа қарау жүру, қызыл түске өтпеу, жолда жүгірмеу және телефонға үңілмеу. Осы қарапайым ережелерді ата-аналар өз ұл-қыздарына түсіндірулері тиіс дейді Қанат Айтбаев. Брифинг барысында өңірдегі эпидахуал жайы да сөз болды. Өлкеміз әлі де “қызыл” аймақта. Індеттің беті қайтар емес. Бірақ, аймағымызда халықтың басын қосып, іс-шара өткізу тыйылмай тұр. Жыл басынан облысымыздағы 23 мониторингілік топ 3 мың рейд өткізіп, 20 мыңнан аса нысанға бас сұққан, санитарлық талаптардың сақталуын тексерген.

Данияр Оспанов,  СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– 641 нысанда санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Адамдар маска тақпаған, ғимараттарда дезинфекция жүргізілмеген, жұмыс істеу режимі сақталмаған, азық-түліктер оралмай сатылған. Одан бөлек, мейрамхана мен дәмханаларда шамадан тыс халық жиналған.

Тіркелген тәртіп бұзушылықтардың аясында 674 хаттама толтырылып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Шектеу шараларын елемегендерге 45,5 млн теңге айыппұл салыныпты. Мониторингілік рейдтер алдағы уақытта да ұйымдастырылады. Санитар мамандар тұрғындарды қоғамға жанашыр болуға шақырады. Себебі, вирустың әлі де күшті, оны жеңу үшін оқшаулану керек.

Бердимурат Баймухан