Қоғам

Қария пәтеріне қоқыс тасып, тарақан қаптатып жіберген

Елена Мартынова, қала тұрғыны:

– Дома собрал целую помойку. От него все тараканы ползут по всему дому. Мы не знаем как с этим бороться.

Елена Мартынованың бас ауруына айналған пәтерде 80 жастағы жалғызбасты қария тұрады. Зейнеткер Плюшкин синдромымен ауыратын көрінеді. Сыртқа өте сирек шығады. Шыққанның өзінде көршілерімен сөйлеспейді. Тек қоқыс бактарындағы қалдықтарды жинап, үйіне қайта кіреді.

Елена Мартынова, қала тұрғыны:

– Қария осыдан 10 жыл бұрын көшіп келді. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Жиі көрісіп, тілдесе алмасақ та, ешкімге жамандық жасамайтын. Көршіміз жағымсыз әрекеттерін бірнеше айдан соң көрсете бастады. Ең алдымен пәтерінен жағымсыз иіс шықты. Одан соң, баспанасына күл-қоқыс тасуды, бірінші қабатқа үнемі су ағызуды шығарды.

Тағаты таусылған адамдар арнайы мамандарды өздері шақыртады. Олар пәтердегі су құбырының ескіргенін және тез арада ауыстыру керектігін айтқан. Бірақ, қария жөндеу жүргізбейтінін айтып, көршілеріне қабақ шытқан.

Оксана Сёмушкина, қала тұрғыны:

– 1-ші қабатты су баса бергендіктен мамандар құбырды кесіп тастады. Енді бәрі тынышталады ғой деп ойлаған едік. Бірақ, олай болмай шықты. Көршіміз пәтерін үйіндіге айналдырып жібергеніне қоймай, жуынған суы мен нәжісті балконнан төгіп жіберуді шығарды.

Балконнан төгілген су мен нәжістің ізі баспана қабырғасында әлі сақталып тұр. 80 жастағы қария мұндай жиіркенішті әрекетін 9 жыл бойы жалғастырған. Тек өткен жылы көршілері өтініп, кәріздік құбыр орнатыпты. Жерлестеріміздің қуанышы көпке созылмаған.

Былтырдан бері 3 подъезді баспананың тұрғындарын тарақан мазалайды. Жыбыр-жыбар еткен жәндіктерден балалар ғана емес, үлкендердің өздері қорқады. Тұрғындар пәтерлеріндегі тарақандардан құтылу үшін бірнеше рет тазалау жұмыстарын жүргізген. Бірақ, одан нәтиже шамалы. Қарияның жалғыз қызы бар екен. Мәселені көршілер де, біз де айтып хабарласып көрдік. Алайда, жауап жоқ.

Елена Мартынова, қала тұрғыны:

– Өз үйімізді зарарсыздандыра бергеннен пайда жоқ. Тарақандар бәрібір шыға береді. Олардан толық құтылу үшін қарияның пәтеріндегі қоқыстан арылу керек. Ең алдымен сол жерді тазалап, дәрілеу жұмыстарын жүргізу шарт. Сонда ғана жәндіктер толық жойылады.

Қалалықтар учаскелік полицияға да жүгінген. Мамандар біреудің жеке пәтеріне рұқсатсыз кіре алмайтын болғасын ешқандай шара қолданбапты. Ал санитарлық қызметкерлерді шақырайын десе, қария үйіне ешкімгі кіргізбейді. Жерлестеріміз мәселені жан-жаққа жариялап, көмек сұрап жатқанда тарақандар көрші тұрған нысандарға да тарап үлгеріпті.

Маржан Касымбек