Балалар

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында тренинг өткізілді

Шараның басталуына бірер минут қалды. Оған дейін қатысушылар би билеп көңіл күйлерін көтеруде. Ортада асыр салып жүрген жасөспірімнің есімі – Есмұхан. 15 жастағы бозбала үшін бүгін ерекше маңызды күн.

Есмұхан Жакенов:

– Білімді үйде отырып алғандықтан достарыммен сирек кездесемін. Шараға шақырған күннен бастап барымды салып дайындалдым. Осы сәтті асыға күттім. Бүгін жаңа адамдармен танысып, достарымның қатары көбейіп жатыр. Сол үшін қуанышымда шек жоқ.

Ал мына жақта Дамир Еркебұлан ән айтып, жаттығып жатыр. Талантты жігіт қатысушыларды өзінің тосынсыйымен қуантқысы келеді.

Дамир Еркебұлан:

– Ән айтқанды жақсы көремін. Сондықтан бүгін өзіме ұнайтын туындылардың бірін жаттап, әзірленіп келдім. Қатысушыларға ұнайды деген үміттемін.

Сегіз қырлы бір сырлы жігіт ән айтып қана қоймай, омарта шаруашылығымен айналысқанды жаны сүйеді. Жақында ара өсіру мамандығын тәмамдаған екен. Ендігі арманы – өз кәсібін ашу.

Дамир Еркебұлан:

– Колледжде оқып жүрген кезде серіктестікте тәжірибеден өттім. Сонда бал жинауды үйрендім. Маған қатты ұнап қалды. Содан бері омарташылықты дамытуды көздеп жүрмін. Денсаулығым мықты болуы үшін спортпен де айналысамын. Жүгіру жарыстарына жиі қатысып тұрамын.

Көптен күткен сәт басталып та кетті. Ең алдымен келушілерге арнап психологиялық тренинг өткізілуде. 20 адам өз есімдерін қағазға жазып, бір-бірімен жақынырақ танысып жатыр. Бұл – қатысушыларға берілген алғашқы жаттығу.

Ақжан Кәрім, «Ten qogam» мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығының жетекшісі:

– Мүмкіндігі шектеулі балалардың басым бөлігі тартыншақ болып келеді. Ортамен тіл табысып, достасып кетуі қиын. Осындай шараларды жиі ұйымдастырып отыру керек деп ойлаймын. Сонда бала айналадағы адамдармен қалай қарым-қатынас орнату керектігін ұғынады.

«Ten qogam» мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығы жастардың сапалы білім алуына да көмектеседі. Онымен қоймай, кәсіп ашуға ниет білдірген жастарға курстар ұйымдастырып, ісін дөңгелетіп кетуіне жәрдемдеседі.

Ақжан Кәрім, «Ten qogam» мүгедектерді әлеуметтік қолдау орталығының жетекшісі:

– Бүгінге дейін 100 адам оқыту-курстарынан өтті. Жігіттердің басым бөлігі SMM саласына қызығушылық танытса, қыздар жағы сұлулық салондарын ашқысы келеді. Бүгінде басым бөлігі арманын жүзеге асырып үлгерді. Қазір тағы 30 солтүстікқазақстандық мақсатына қол жеткізу үшін білімін арттыруда.

Жалпы өңірде 18 жасқа дейінгі 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар.

Маржан Касымбек