Білім

Аққайың ауданында биыл 2 мектеп жөндеуден өтуде

Бұл – Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі. Білімді де талантты талай жасты түлеткен оқу орны осыдан тура 1 ғасыр бұрын қолданысқа беріліпті. Бүгінде мұнда 80-нен астам оқушы тәлім алады. Ішінде балабақша да бар.

Жұмабай Нұртазин, Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– 2008-ші жылы ашылған балабақша бар. 25 балаға шақталған. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр. 20 бала нақты келіп жүреді. Ауылда жұмыс жағдайы жақсы емес, шамасы келетіндер перзентін әкеледі.

Ауылдағы қара шаңыраққа жылда жөндеу жасалады. Мысалы, 2019-да нысанның қасбеті ауыстырылыпты. Ал, былтыр ғимараттың іші жаңартылған, заманауи құрылғылармен қамтылған екен. Мұндағы қабырғалар боялған, бейнебақылау камералары орнатылған. Іске біраз ақша жұмсалыпты.

Жұмабай Нұртазин, Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– Ағымдағы жұмыстарға 42 млн кетті. Енді биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 01:01 063 бағдарламасы аясында 73 млн бағытталды.

Жауапты шаруаны көкшетаулық «Азия Строй» серіктестігі атқарып жатыр. Мамандар істі тамыздың ортасында бастаған екен. Алдын ала әзірленген жоспарға сәйкес, нысанның алдындағы аумақ жөндеу көреді. Осыдан 2-3 күн бұрын мұнда қиыршық тас төгіліпті. Бүгін-ертең асфальт төселеді. Кейін мектептің қоршауы толық ауыстырылады. Балабақшаның алдында орналасқан ойын алаңқайы да жаңартылмақ. Мұнда ұл-қыздарға қуаныш сыйлайтын жаңа әткеншектер қойылады деп жоспарланып отыр.Маржан Касымбек