Бизнес және экономика

Бизнесті қолдау механизмдері

Солтүстікқазақстандық іскер жандарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Бүгінде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант үлестіріп, төмен пайызбен несие беруде. Бұдан бөлек, сервистік қызмет түрлерін де тегін ұсынып отыр. Мұндай тиімді мүмкіндіктерді пайдаланып жатқан жандардың қатары күн артқан сайын ұлғайып келеді екен.

Әлібек Ашметов, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Палата дәстүрлі түрде тегін сервистік қызметтердің 4 түрін ұсынады. Ол: бухгалтерлік мәселелер және салық есебі, маркетинг мәселелері, заң мен мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметтер. Оларды палата жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджерлерінен алуға боалды.

Жыл басынан бері қызмет көрсету орталығының мамандары өңіріміздегі 400-ге жуық микро және шағын бизнес өкіліне кеңес берген. Ал, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 770 адам білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Оқыту әлі де жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін кәсіп бастағысы келген жандарға 1739 грант беру жоспарланып отыр екен.

Әлібек Ашметов, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Биыл кәсіпкерлер палатасы жанынан «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы құрылды. Мұнда «Бастау» түлектері өздерінің бизнес жоспарларын жүзеге асыру үшін жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады.

Елді мекендерде мал өсіріп, жер баптап жүрген жандарға қолдау мығым. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» жергілікті фермерлерге 1,7 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесін бермекші. Осыған орай, бүгінгі күні «Еңбек» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жүргізіліп жатыр.

Абылай Нұркенов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚО филиалының директоры:

– Мал шаруашылығына 4 млн теңге беріледі. Егістікке 6 млн теңгеге дейін несие беріледі. “Бизнес бағыттарын дамыту” бағдарламасы бойынша ауылды мекендердегі бизнес түрлеріне 6 млн теңгеге дейін несие беріледі. Мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды.

Сондай-ақ, облысымызда «Даму» қоры да іскер жандарға көмек көрсетеді. Аталған ұйым кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында несие береді. Мұнда бір кәсіпкерге рәсімделетін максималды сома 7 млн теңгені құрайды.

Бердимурат Баймухан