МТРА жаңалықтары

Қалалық мәслихаттың 7-ші сессиясы өтті

Қалалық мәслихаттың 7-ші сессиясында тек шаһар әкімі баяндама жасады. Болат Жұмабеков алғашқы 6 айдағы Петропавлдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылап, екінші жартыжылдыққа дайындық жоспармен бөлісті. Айтуынша, биыл облыс орталығына тартылған инвестиция көлемі біршама артқан. Қаңтар-маусым айлары аралығында шаһарымызға 46,5 млрд. теңге қаржы құйылыпты. Бұл қаражат былтырдан 37,2 пайызға көп.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл жақсы көрсеткіш. Себебі, індетке қарамастан қалаға тартылған инвестиция көлемі артты. Сондай-ақ, өнеркәсіп көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артты.

Шаһарда кәсіппен айналысқысы келетін жандардың да қатары артып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 480 жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Іскер азаматтарға мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оларға қайтарымсыз гранттар үлестіріліп, төмен пайызбен несие берілуде. Күн тәртібінен түспейтін тағы бір мәселе бар. Ол – құрылыс. Биыл қалада 40 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. “Халықты тұрғын жаймен қамту жұмыстары тоқтамайды”,- дейді Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл 40 мың шаршы метр үй қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта 46 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 27 көпқабатты үйді қолданысқа беру жоспарланған.

Болат Жұмабеков соңғы уақытта қоғамның қызу талқысына түскен автобустар жайына да тоқталды. Қала ішінде жолаушы тасымалдау үшін 100 бірлік су жаңа қоғамдық көлік сатып алынғаны мәлім. Бүгінде оның 80-і Петропавлға жеткізіліп, 30-ы маршрутқа шығарылыпты. Қазіргі таңда қалғандарының құжаттары рәсімделіп жатыр. Жалпы, жыл соңына дейін автобустардың барлығы кісі тасымалдауға шықпақ.

Бердимурат Баймухан