Өңір еріктілері қарттарға көмек көрсетуде

Ерiктiлер

23:03 20 Тамыз 2021

Галина Малыгина 71 жаста. Нәзікжандының балалары жоқ. Ал, жолдасы болса осыдан 14 жыл бұрын қайтыс болған. Қазіргі таңда жерлесіміз жалғыз тұрады. Үйдің шаруасына қолының шамасы келгенімен, тыстағы тірлікті тындыруға әл-қуаты жоқ екен. Бүгін зейнеткердің үйіне “Jasyl El” жасағының еріктілері келіп, көмек қолын созуда.

Галина Малыгина – қала тұрғыны:

– Ас-суымды әлеуметтік қызметкер әкеп береді. Еденді де сол жуады. Көршілерім де бір жағына шығысып, көмектеседі. Бүгін келген еріктілер жиі үйіме бас сұғып, шаруа болса тындырып кетеді. Оларға үлкен рахмет!

Галина Малыгинаның үйіне келген еріктілер аула ішінде бей-берекет өсіп кеткен шөпті шабумен, күл-қоқысты жинаумен айналысуда. Максим Луценконың айтуынша мамыр айынан бері бұл оның күнделікті жұмысына айналған екен.

Максим Луценко – “JE SKO штабы” мүшесі:

– Күнделікті 4 сағатымды көмекке мұқтаж жандарға арнаймын. Кей-кезде қаламыздың таза болуына да өз үлесімізді қосамыз. Жұмысым ұнайды. Қайырымдылық жасай отырып, еңбегіңе ақша да аласың.

Қазіргі таңда қала бойынша “Jasyl El”-дік 2 жасақ мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүр. Айта кету қажет, сәуір айынан бері еріктілер 40-тан астам жересімізге жәрдем берген екен.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз