Құрылыс

Петропавлда қағаз өндіру зауыты салынып жатыр

Бердімұрат Баймұқан – тілші:
Пластик бұйымдары, азық-түлік, антисептик пен сусабын. Енді қағаз. Петропавлдағы іргелі кәсіпорын «Радуга» серіктестігінде жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Болашақта дәл осы жерде қағаздан жасалған санитарлық-гигиеналық заттар шығарылатын болады. Шаруа маусым айында басталған. Қазір ғимараттың едені құйылып, қабырғалары монтаждалуда.

Жаңа зауыт іске қосылысымен мұнда дәретхана қағазы, майлық пен түрлі салфеткалар өндіріледі. Тауардың басым бөлігі ел нарығын қамтиды, қалғаны Ресейдің бірнеше аймағына шығарылады. Сондай-ақ, А4 форматындағы кеңсе қағазын шығаруды да жоспарлап отырмыз дейді серіктестік қазметкерлері.

Андрей Титов – «Радуга» ЖШС металл-пластик бұйымдары зауыты директорының орынбасары:

-Макулатура сатып алып өңдейміз. Тауардың барлығын содан жасайтын боламыз. Тәулігіне шамамен 15 тонна шығару жоспарда бар. Сонда жылына 5 мың тоннаға дейін қағаз өндіріледі. Құралыс жұмыстары жаңа жылға дейін аяқталады.

Ал фабриканың өзі келесі жылдың тамызы мен қыркүйек айларында іске қосылады. Оған дейін кәсіпорында ішкі сылау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Қытайтан заманауи қондырғылар әкелінеді және оны орнату жұмыстары жүргізіледі.

Бердимурат Баймухан