Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі шаһардағы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысты

Петропавлдағы көшелердің жалпы ұзындығы 366 км-ді құрайды. Олардың тек 170 шақырымының бойында суағарлар бар. Қазір кейбір жолдардың жиегінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – Жас Өркен ықшам ауданындағы Исмаилов көшесіндегі учаске. Арық қазу ісін қыркүйек айына дейін тәмамдау жоспарланған. Дәл осындай шаруа шаһардың тағы 5 бөлігінде жүргізілмек. Аталған мақсатқа бюджеттен 400 млн теңге бөлініпті.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

-Жұмысшы кентінде де 5 шақырымға созылатын суағар салу жоспарда бар. Арықтарды ең бірінші кезекте су басу қаупі жоғары аймақтарда қазамыз.

Қаланың орталығындағы жұмыс та қызған. Жұмабаев көшесінде жылу магистралі толық қалыпқа келтірілуде. Жоба 3 жылға жоспарланған. Биыл ұзындығы 900 метр құбыр ауыстырылады. Шаруаны тәмамдаған соң, монополист компания учаскені қалыпқа келтіреді. Яғни, толық асфальттайды. “Петропавл жылу желілері” серіктестігі істі қыркүйектің 20-сына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Дәл осы уақытта көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған Жұмабаев көшесінің бөлігі де қайта қолданысқа тапсырылады. Оң өзгерістер Н.Назарбаев, 136 мекенжайында орналасқан үйде де орын алды. Көпқабатты баспана тұрғындары асыға күткен су жаңа лифті іске қосылды.

Әсия Сембаева, «Мира, 136» ПИК төрайымы:

-Өте қуаныштымыз. Лифт жақсы жұмыс істеп тұр. Мердігерлер өтінішіміз бойынша ішіне бейнебақылау камерасын да орнатты. Шаруаны тез тындырды. Өзім 9-шы қабатта тұратындықтан, қазір көтеріліп-міну кезінде қиындық көрмей жүрмін. Бұл өзгерісті 2,5 жыл күтіп едік.

Жеделсаты орнатуға бюджеттен 13 млн теңге қаржы бөлініпті. Шаруа тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау аясында жүзеге асырылған. Бағдарламаның қызығын Алтынсарин, 266 мекенжайы бойынша орналасқан баспана тұрғындары да көріп отыр. Көпқабатты үйдің шатыры мен кіреберісі толық ауыстырылған екен.

Валерия Свешникова, «Весна» ПИК төрайымы:

-Тұрғындардың барлығы риза, алғыстарын айтып жатыр. Шаруаны тез аяқтады. Енді қар еріп, жаңбыр жауып, су ағады деп уайымдамайтын болдық.

Осыған ұқсас шаруа шаһардағы тағы 14 үйде жүргізілмек. Оның 7-уі бойынша байқау ұйымдастырылып, мердігерлер бекітілді. Тағы 15 көпқабатты баспанадағы жөндеу жұмыстарына қажет жобалық-сметалық құжаттама әзірленіпті. Біртіндеп қаладағы автотұрақ мәселесі де шешілуде. Көлікке арналған орынмен биыл 78 аула қамтылды.

Василий Роторь, «Строитель» ПИК төрағасы:

-Автотұрақ салуды бұрыннан сұрап едік. Биыл арманымыз орындалды. Жергілікті әкімдікпен аулаға тағы спорттық тренажерлар орнатылмақ.

Ал, Жукова, 3-тің тұрғындары облыс әкіміне алғыспен емес, өтінішпен жүгінді. Азаматтардың сөзінше, көпқабатты баспана бірнеше жылдан кейін жыраға құлап кетуі мүмкін. Бұған себеп – жылу трассасының жарды жылдан-жылға шаюы. Проблеманы жыраны нығайту арқылы шешуге болады дейді шаһар басшысы Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

-Алдымен жыраның дәл алдында орналасқан гараждарды сүру керек. 80-ге тарта нысанды басқа жерге көшіргеннен кейін ғана, жарды нығайту жұмыстарына кірісе аламыз. Әрі көшені ойға дейін асфальттау да жоспарланып отыр.

Жалпы 5 жыл ішінде облыс орталығындағы 386 аулаға асфальт төселген. Бүгінде тағы 120-сының тұрғындары өз кезегін күтуде. Абаттандыру жұмыстары “Солнечный-2” кентінде де жүргізіліп жатыр. Су өткізу желілерін салу бойынша шаруа бүгінде өз мәресіне жеткен. Қазір ұзындығы 57 шақырым болатын жол төселуде.

Андрей Капустин, «Альфа-Север» ЖШС директоры:

-Құрылыс 2020-да басталды. Шаруаны биыл бітіреміз. Алайда, электр желісін қажет ететін кей учаскелердегі жұмыс келесі жылға көшірілмек.

Ал, электр желісі келесі жылы тартылмақ.

Эльмира Садвокасова