Қоғам

Өңірдегі 10 мектепте күрделі жөндеу жұмысы аяқталды

Ұл-қыздар алтын ұя мектептеріне барып, ұстаздарымен, сыныптастарымен қауышуды тағатсыздана күтіп жүр. Біразында керекті киім-кешек, кеңсе тауарлары сатып алынған.

– Мен оқуға қажетті кеңсе тауарларының біразын алып қойдым. Енді күнделік пен бірнеше дәптер сатып алу керек. Өз басым мектепке дайындалғанды қатты ұнатамын.
– Мен 5-ші сыныпқа көштім. Жаңа оқу жылына дайынмын десем де болады. Тек бір-екі киім сатып алу ғана қалды. Негізі, сыныптастарым мен ұстаздарымды сағынып қалдым.

9 ай оқу, сыныптастар дегенде балғындардың жүздері бал-бұл жайнап шыға келді. Облыстағы білім ұяларында да жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Атап айтсақ, бүгінде 4 млрд теңгеден астам қаржыға 40-тан астам мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.
10 нысанда тиісті шаруа тындырылған.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

-Соның ішінде, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша – 27 мектепте, 6 мектеп – жан басына қаржыландыру есебінен, қалғандары – облыстық бюджеттен бөлінген қаражат. Бүгінгі күні 15 пайызында күрделі жөндеу аяқталды.

Департамент басшысының айтуынша, өлкедегі мектептердің барлығында ғаламторға қосылған компьютерлер бар. Алайда, облыстың жекелеген аумақтарында интернет желісінің жылдамдығы төмен екен. Осының салдарынан байланысқа шығу кезінде біршама қиындықтар туындап жатады. Оқу ошақтарындағы балалардың қауіпсіздігіне көшейік. Бұл – өзекті мәселе. Сондықтан барлық орта білім бері ұйымдарына бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жартысына жуығындағы видео бірден орталыққа ұсынылады.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Бейнені жергілікті басқару органдарына немесе полиция бөлімдеріне беруді 183 мектептің бейнебақылау жүйелері қамтамасыз етеді. Бұл 40 пайызды құрайды. Жалпы, оқушылардың кауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 65,8 млн. тенге бөлінген. Былтырғы жылы 259 млн тенге қаражат жұмсалды.

Сонымен қатар, оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отырады. Өкінішке қарай, шәкірттердің барлығы емес. Бастауыш және негізгі шағын жинақты мектептердің 12 пайызында оқитын ұл-қыздарға ыстық ас берілмейді. Оқушы санының аз болуына, елді мекендердің орталықтан алыс орналасуына байланысты кәсіпкерлер мұндай іспен айналысуға құлық танытпайтын көрінеді.

Алтынай Казиканова