Спорт

Тамыздың екінші жексенбісі – Спорт күні!

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ашып, сала өкілдерін мерекемен құттықтады. Және аймақтағы спорт саласының дамуына тоқталды.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазіргі күні біз спортты жаппай насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әр аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызып, халыққа салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік жасаудамыз. Яғни, жыл өткен сайын тұрғындарға спорт қолжетімді бола түсуде. Ауылдарда да футбол алаңқайларын тұрғызып, жаттығу орындары пайда болуда.

Кейін кезек марапаттау рәсіміне келді. Жиында шашасына шаң жұқпай, жүзден жүйрік атанған саңлақтар құрметке бөленді. Виталий Дурнев – шаңғы жарысынан спорт шебері. Сырғанаудың қыр-сырын 5-ші сыныпта үйренген жерлесіміз талай белесті бағындырыпты. Қазіргі таңда білген-түйгенін жастардың бойына сіңіруде. Сексеннің сеңгіріне шыққан жаттықтырушыға бүгін “Еңбек ардагері” медалі табысталды.

Виталий Дурнев, шаңғы жарысынан спорт шебері:

– 66-шы жылдан бері жаттықтырушы болып қызмет етемін. Осы күнге дейін мыңдаған ұл-қызды тәрбиеледім. Барлығы түрлі деңгейдегі жетістікке жетті. Спорт шеберлерін жаттықтырып шығардым. Ел чемпиондары бар. Еңбегімді елеп, құттықтап жатқандарына алғысымды білдіремін.

Жалпы, шара барысында 30-ға жуық жан марапатқа ие болды. Оларға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, Мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ, “Еңбек ардагері” медалі мен “Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі табысталды.

Бердимурат Баймухан