Денсаулық сақтау

Балалар арасындағы жарақаттанушылық

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 900-ден астам бала түрлі дене жарақатын алған. Әдеттегідей, жарақаттану көрсеткіші жаз мезгізілінде артқан. Бұған басты себеп – демалыстағы ұл-қыздардың таза ауада ойнап жүріп ойда-жоқта мертігуі. Көбінесе велосипед, әткеншек пен ағаштан құлап, қол-аяқты сындыру, шығару жайттары тіркелген. Травматолог-ортопед дәрігер Асылхан Жағыпаровтың айтуынша, ақ халатты абзал жандардың көмегіне 4 пен 10 жас аралығындағы балақайлар көп жүгінеді. Бүгінгі күннің өзінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 35 жеткіншек ем қабылдап жатыр екен. Мамандар ата-аналардан далада ойнап жүрген ұл-қыздарын көзден таса қылмауды сұрайды.

Асылхан Жағыпаров, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі:

– 2020 жылы бөлімшеміз 1380 ұл-қызды қабылдап, емдеп шығарды. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл көрсеткіш 5-6 балаға көбірек екенін байқауға болады. Балалар әртүрлі жарақаттармен келіп жатады. Сол себепті жарақаттың ауырлығына байланысты емдеу тағайындаймыз.

Алдияр Айтпаев