Құқық қорғау органдары

Алаяқтық іске күдікті 67 жастағы әйел ұсталды

Мағжан Жұмабаев ауданында алаяқтық іске күдікті 67 жастағы әйел ұсталды. Оған адамды алдау арқылы жалпы құны 600 мың теңге болатын 2 алтын жүзікті қалтаға басты деген айып тағылып отыр.
Жақында полиция қызметкерлеріне жетпісті желкелеген жерлесіміз жүгініпті. Ол әлде бір әйелдің айтқанына иланып, сан соғып қалғанын мәлімдеген. Бұл оқиға Булаевтағы базарда болған екен. Жәбірленушінің бутигіне күн сайын “аластау және сырқаттан арылту” қызметін ұсынған егде жастағы нәзікжанды келіп тұрған.

Бастапқыда қала тұрғыны “емшінің” сөздеріне сенбепті. Бірақ, қайта-қайта бас сұғып, өзінің мүмкіндіктерін мақтана айтқасын келісім берген. Аластау кезінде айлакер аурудың бәрін кетіру үшін ең құнды зат пен ақша өрттеу қажеттігін айтқан. Осы сәтте жәбірленуші екі бірдей алтын жүзігін шешіп беріп, қолына 20 теңге ұстатқан. Артынша әлгі емші хабарсыз кеткен. Көп кешікпей күдікті ұсталды. Ол Булаев қаласындағы танысына келген Ақмола облысының тұрғыны болып шықты. Сақиналар тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

Байболат Култанов