ТЖ

Жыл басынан 18 жерлесіміз су құрбаны болған

Соңғы күндері облысымызда ауа-райы жылынып, жұртшылықты қуантуда. Мұндайда жерлестеріміз жағажайларға барады. Мысалы бүгін Пестрое көлінің жағасына жиналған теріскейліктердің саны әжептәуір. Осыған байланысты қалалық төтенше жағдайлар басқармасының
қызметкерлері де рейд шарасын күшейтуде.

Даниэль Саркисян, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

– Биыл Петропавл маңындағы су айдындарында көз жұму фактілері жиілеп кетті. Кейбір сәтте адамдар өз мүмкіндіктерін асыра бағалайды. Ал, кейбірі мас күйде шомылады. Өзен-көлдерде балаларын қараусыз қалдыратындар да бар. Осының салдарынан қайғылы жағдай орын алады. Мұны тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Рейд шарасы алдағы уақытта да жалғасын табады.

Өкінішке қарай, жыл басынан бері 18 жерлесіміз су айдындарында қаза тапқан. Оның 4-еуі – кәмелет жасына толмаған бала. Тілге тиек етілген сандар былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әжептәуір көп. Ал, демалуға келген жерлестеріміз қауіпсіздік ережелерімен қаншалықты таныс? Өздерінен сұрап көрдік.

– Ішімдік ішіп суға түсуге болмайды. Белгіленген жерге дейінгі аралықта ғана шомылу керек. Ережемен жақсы таныспын.

– Суға түсуге арналған арнайы дөнгелектерге сенуге болмайды. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмаған жөн.

– Жүзу білмесең, алысқа барудың қажеті жоқ. Біз сияқты балалар әрқашан үлкендердің жанында шомылғандары абзал.

Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар. Бұл жағажайлар 1-ші қыркүйекке дейін жұмыс жасайды.

Алдияр Айтпаев