Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құс тұмауының алдын алу бойынша шаралар жүргізілуде

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Былтыр облысымыздың 54 елді мекенінде құс тұмауы өршіп, салдарынан 1,5 млн қанатты қырылды. Өкінішке қарай, биыл да ел дүрлікті. Маусым айында Айыртау ауданында жабайы құстар арасында ауру анықталды. Ветеринарлар далада өлген 104 бас құсты жинап, арнайы аумақта жойды. Жақында қауіпті тұмау Ресейдің Түмен облысында тағы да тіркелгенін хабарлай кетейік. Мамандардың айтуынша, инфекция бізге де келуі мүмкін. Осыған орай қазір облыста індеттің алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі күні Түмен облысы мен Қазақстан арасындағы шекара жабық. Адам, машина, азық-түлік мүлде өтпейді. Ресейдің өзге де өңірлерінен тұмау таралуы мүмкін екенін ұмытпау қажет. Сондықтан шекара бойында арнайы блок бекеттер қойылған. Мамандар ол жерде 24 сағат бойы бақылау жүргізеді.

Марат Ибраев, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының басшысы:

– Қорған мен Омбы облыстары бағыттарында 3 бекетіміз тұр. Инспекторлар шекарадан өтіп жатқан тауарларға мониторинг жүргізіп, құжаттарын тексеріп жатыр. Сонымен қатар, көліктердің де санитарлық талапқа сайын екендігі қадағалануда.

«Россельхознадзордың» ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, бүгінде Ресейде жоғары патогенді құс тұмауы 11 елді мекенде тіркеліпті. Індет үйдікінен бөлек, жабайы қанаттылардан да табылған. Көрші елдегі мамандардың сөзінше, қазіргі таңда бақылау күшейтілген аумақтарда жағдай тұрақты екен. Инфекция таралып кетеді деген қауіп жоқ. Бірақ, “сақтансаң сақтайды” дегендей, алдын алу шараларын тоқтатпау керек дейді жергілікті ветеринарлар.

Марат Ибраев, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының басшысы:

– Құс фабрикаларында биологиялық қауіпсіздік деңгейі күшейтілген. Ол жердегі автокөлік, құрал-саймандардың барлығына дезинфекция жасалып тұрады. Сонымен қатар, шығарып жатқан өнімдерінің сапасын тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл маусым айында үлкен құс фабрикаларын тексеріп, кәсіпкерлерге ұсыныс бердік.

Тұрғындарға ұсынылып жатқан тауарлардың сапасы да жоғары деңгейде болуы маңызды. Ветеринарлық инспекция өкілдері жергілікті базарлардағы азық-түліктерді күнде бақылаймыз дейді. Тұмаудан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцинация. Биыл аймақтағы үй құстарына 556 мың доза екпе қойылған екен. Жыл соңына дейін тағы 600 мың доза препарат егіледі. Айта кетейік, жергілікті тұрғындардың қанаттыларына вакцина тегін салынады. Ал, фабрика иелері дәріні өз қаражаттарына сатып алулары тиіс.

Бердимурат Баймухан