Аптадағы маңызды жаңалықтар

Зейнетақы қоры аясындағы дүрбелең бәсеңдеді

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Қазақстанда баспана сатып алу мақсатында зейнетақы жинақтарын алу қарқыны күрт төмендеді. Статистиктер зейнетақы жинау қорының берген деректерін есептей келе, мынадай қорытынды шығарды: өткен айда түскен өтініштер саны 31,4%-ға азайған. Тиісінше берілген қаржы мөлшері де төмендеген. Мысалы, маусым айында тұрғындарға баспана рәсімдеу үшін 147 млрд теңге қажет болса, шілдеде бұл сома небәрі 53 млрд теңгені құрады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы да өзгерді. Бастапқыда ол шамамен 5,5 млн теңгені құраса, қазір 3,2 млн теңгеге тең. Ал петропавлдықтар бұл мүмкіндікке қалай қарайды? Араларында жинақталған қаржыны пайдаланғандар бар ма?

Менің ұлым ипотекаға алған пәтерінің кредитін зейнетақы қорына жиналған ақшамен жапты. Бұл жастар үшін үлкен көмек.

– Зейнетақы қорындағы ақшам шешіп алуға жетпеді. Шешу мүмкіндігі болып жатса, қаржыны бірден пәтер алуға пайдаланар едім.

Зейнетақы қоры ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін тұрмыс жағдайын жақсартқысы келген ел азаматтарынан 365 мыңға жуық өтініш түсіпті. Осылайша тұрғындардың шотына қордан 1,6 трлн теңге қаржы аударылған.

Бердимурат Баймухан