Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі онлайн қабылдау өткізді

Жол деген аты ғана. Дөптеп келгенде шұрық-тесік, бірнеше мәрте жамалған. Салдары көліктің істен шығуына әкеп соғады дейді Уәлиханов ауданының тұрғыны Асылхан Қисабаев. Көлік үшін емес, жолаушылардың өмірі үшін алаңдайтынын айтады.

Асылхан Қисабаев, Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Жеке көлігіммен бос уақытымда таксилік қызмет көрсетемін. Нұр-Сұлтан-Омбы бағытындағы тасжолда жөндеу жұмыстары қашан басталатынын сұрайын деп едім. Бізді, әсіресе, Кішкенекөл мен Талшық ауылдарының арасы алаңдатады.

“QazAvtoJol” филиалының директоры Қуаныш Ескендіровтің айтуынша, жөндеу жұмыстары 2022-23 жылдары басталады. Әзірге, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жоба құны 71 млн теңгені құрайды. Құжат келесі жылы дайын болады. Кейін бірден Дәуіттен Кішкенекөл ауылына дейінгі аралықта, яғни 57 шақырым жерде күрделі жөндеу бастау алмақ.

Құмар Ақсақалов, «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

–  Бұл – республикалық жолдардың ішінде жөндеуді талап ететін бірден-бір жол. Бізге бұл мәселе мен жолдың жағдайы мәлім. Жоба дайын болғасын тиісті қаржы бірден осы мақсатқа бағытталатын болады. Жөндеу жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі.

Көлік жүргізушілерінің мазасын қашырған тағы бір жол бар. Шалқар-Имантау курорттық аймағының аумағынан тас пен жыраларды кездестіруге болады. Сондағы демалыс аймағының жетекшісі Ләззат Салықованың айтуынша, келушілер: «Жол қашан жөнделеді»,- деп күнде сұрайтын көрінеді.

Ләззат Салықова, демалыс аймағының жетекшісі, Айыртау ауданы:

– Начиная от шлагбаума, где стоят сотрудники и до наших большая проблема. Камни, овраги. Когда будут или будут ли делать эти дороги?

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың айтуынша 3 жылда Шалқар-Имантау курорттық аймағына кіреберіс жолдар біршама дұрысталған. Демалыс орнының кез келген жағынан еш қиындықсыз өтуге болады. Сонымен қатар, бүгінде аймақты дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр екен.

Құмар Ақсақалов, «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– 2019 жылы Маккензи халықаралық компаниясы Шалқар-Имантауды дамытуға қатысты жоспар әзірлеген болатын. Яғни, мамандар жарықтандыру, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жолын жасауға қатысты ұсыныстарын білдірген болатын. Осының негізінде тұжырымдама дайындалды. Жоба тамызда мақұлданады.

Тұжырымдама негізінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Одан бөлек, Ләззат Салықова демалыс аймағында ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығын айтты. Салдарынан көпшілік үшін демалыс аймағының сайтын дамыту қиын екен.

Дархан Әмрин, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Былтыр Шалқар, Имантау, Айыртау ауылдарына 25 метрлік ұялы байланыс мұнарасы орнатылды. Дегенмен, ол елді мекен төңірегінде ғана жұмыс істейді. Енді «Шалқар су» санаторийі өздерінің биік нысандарында мұнара орнататын болады. Сигнал жан-жаққа тарайды.

Лавровка-Бірлестік-Қарақамыс. Осы бағыттағы жолдар алдағы уақытта жаңартылады. Жол машақатын көрген тұрғын Бауыржан Аленов шаруа қашан басталатынын сұрастырды.

Ерболат Бекшенов, Айыртау ауданының әкімі:

– Биыл ұлттық қордан Лавровка-Қарақамыс жолдарын жөндеуге тиісті қаражат бөлінді. Жаңарту жұмыстарынан Бірлестік ауылы да шет қалмайды. Өткен аптада көкшетаулық компаниямен келісім шартқа отырдық. Дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жұмада тиісті жұмыстар бастау алады.

Жалпы, әкімнің қабылдауына 4 адам жазылған екен. Барлығы мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Алтынай Казиканова