Денсаулық сақтау

Қауын-қарбыздың сапасы тексерілді

Қауын-қарбыз, шабдалы, өрік, шие. Түрлі түсті, иісі жұпар, дәмі тіл үйірер жеміс-жидек қазір аса сұранысқа ие. Дүкен сөрелері де балғын өнімге толып тұр – көздің жауын алады. Ақшаң болса, қалағанын таңдайсың. Алайда, асығыстық жасап, піспей қалғаны, жасанды дегені іліксе, өкінішті-ақ. Әдетте, теріскей өңіріне оңтүстіктің күн шуағына шомылған жеміс-жидек, әсіресе, қауын-қарбызы шіліңгір шілденің орта тұсына таман жеткізіледі. Бұл жолы сәл ертеректеу дейді дәмін татып көрген тұрғындар.

– Биылдыққа қарбыз жеп көрдім. Бірақ, әлі ертерек сияқты. Менің ойымша бұл жемісті шілденің ортасында жеу қажет.

– Жуырда қарбыз жеп көрдік. Дәмі көңілден шықпады. Әлі күте тұру қажет сияқты. Өзге жеміс-жидектің дәмі тіл үйіреді.

Юлиана Голодникова 2-3 жыл бұрын қарбыз жеп уланып қалған екен. Бұдан сабақ алған ол қазір тек тамыз айында ғана жеуге тырысамын дейді.

Юлиана Голодникова – қала тұрғыны:

– Менің ойымша, қазір қарбыз жеуге әлі ерте. Дұрыс піскен жоқ. Оны қызарту үшін түрлі қоспа қосуы мүмкін. Нағыз қарбыз тамыз айында толық піседі.

Негізі, өңірге жан-жақтан жеткізілетін өнімдер нитратқа тексеріледі. Сапасы талапқа сай болса тиісті рұқсат қағазы беріледі. Діттеген жерге келіп түскеннен кейін жеміс-жидекті жергілікті мамандар тағы тексереді.

Гүлнәр Нұрикинова – «Фитосанитария» РМК СҚОФ маманы:

– Жеміс-жидек тиелген ауыр жүк көліктерін “Оңтүстік” базарында қарсы алып, сол жерде сынама аламыз. Нитраттың мөлшерін есептеу үшін иономер құрылғысын қолданамыз. Мұндай процесс небәрі 10 минутты ғана алады. Осылайша, құрылғы көрсеткен санның техникалық регламентке қаншалықты сай екендігін анықтаймыз.

Фитосанитар мамандар 5 айдың ішінде осындай 1600-ден астам сынама алған. Оның 500-ге жуығы маусым айында тексеріліпті. Айтуларынша, тексеріс нәтижесі көңіл көншітеді. Жеміс-жидек құрамындағы нитрат қалыпты мөлшерде.
Мамандар сатып алған өнімді дұрыс жуу керек дейді. Құр сумен шайқай салмай, тыңғылықты тазалау керек.

Айнаш Сағандықова – СҚО санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің бас маманы:

– Жіті ішек инфекцияларының тобы сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 28,97 пайызды құрайды. 14 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы жағдайлардың жалпы санының жартысын құрайды.

Облыста қаңтар мен мамыр айлары аралығында ішек инфекциясын жұқтырудың 160 фактісі тіркелген.

 

Дана Ешкенова