Аптадағы маңызды жаңалықтар

Туған ауылын көркейткен іскер азамат

Ковыльное ауылы аудан орталығынан – 150, ал Петропавлдан 500 шақырымдай жерде орналасқан. Шалғайдағы елді мекенде көпшілікке аса танымал агроқұрылым жұмыс істеп тұр. 99-шы жылы құрылған «Ақселеу» серіктестігінің бүгінде 15 мың гектар жері бар. Жыл сайын дәнді және майлы дақыл өсіріледі. Астықты өңдеуге арналған препараттар кәсіпорынның өзінде дайындалады. Мұндағы мамандар 3 жыл бұрын минералды және химиялық тыңайтқыш әзірлеуді қолға алған екен.

Нұрлан Малаев – «Ақселеу» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Биыл ерітінді торабы орнатылды. Химиялық прерапаттардың барлығы осында әзірленеді. Шаруаның басым бөлігін арнайы техника тындырады. Қызметкерлердің қауіпсіздігін үнемі назарымызда ұстаймыз. Мамандар заман игіліктерін алыстан басқарып, бақылап отырады.

Дайын болған өнім мынадай бөшкелерде сақталады. Оны мамандар көбіне топыраққа күзде немесе көктем мезгізілінде шашады. Егер жазда күн қазіргідей күрт ысып, апталап жаңбыр жаумай қойса, алқаптарға тыңайтқыш маусым-шілде айларында да сіңіріледі.

Нұрлан Малаев – «Ақселеу» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Күндіз де, түнде де ауа райы +30 градус болып тұрса, өсімдіктер қурай бастайды. Ал тыңайтқыш алқаптағы егіннің жоғары температуға шыдас беріп, солып қалмауына септеседі. Бұл тәсілді ресейліктер жиі қолданады. 3 жыл бұрын серіктестік мамандары көрші елге барып, тәжірибе алмасып қайтты. Содан бері біз де осы жүйе бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

«Ақселеу» серіктестігі асылтұқымды жылқы бағумен де айналысады. 250-ден астам жануар жайлауда жүргендіктен, оларды көре алмадық. Сиырлардың да саны артып келеді. Бүгінде мұнда 700-ге тарта ірі қара бар. Агроқұрылым елді мекендегі 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлік басшысы қол астындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөледі. Биыл 50/50 бағдарламасы аясында баспаналар салып жатыр. Бір үйдің құрылысына 15 млн теңге бағытталыпты.

Серік Малаев – «Ақселеу» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы

– Биыл 5 үй салып жатырмыз. Жұмысшыларға береміз. Жылдың аяғында жиын-терімнен кейін қорытынды жасалады. Сонда кімге қандай үй берілетіндігі айтылады. Үйлерді салатын құрылысшылар әкелдік. Сапасы жақсы. Оны қадағалап отырамыз.

Салынып жатқан баспаналардың бірі Виктор Хватқа беріледі. Нысанның іргесі қаланған. Құрылысы күзде аяқталады деп жоспарлануда.

Виктор Хват – «Ақселеу» ЖШС механизаторы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Серіктестікте 2003 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазір отбасыммен бірге жалдамалы үйде тұрамыз. Баспанамыз ескі. Соны байқаған серіктестік басшысы биыл жаңа үй берілетіндігін айтты. Нысанның құрылысына кеткен ақшаның жартысын бірнеше жылда бөліп төлеймін.

Іскер азамат қарамағындағы жұмысшыларының үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге де көмектеседі. Шағын ғана ауылдың инфрақұрылымы да жыл сайын жақсарып келеді. Әр үйге су кіргізіліпті. 40 баспана қыста қазандық арқылы жылытылады. Наубайхана, асхана мен фитнес орталығы сынды бірқатар әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Соңғысы былтыр күрделі жөндеуден өткен. Керек-жарақтың барлығы бар. Елді мекен жастарының қолдары қалт ете қалса болды, бірден осында жиналып, спортпен айналысады.

Дмитрий Кудрин – Ковыльное селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Аптасына 5 рет келемін. 2-3 сағаттан жаттығып жүрмін. Өзім еркін күреспен айналысамын. Зілтемір көтеру техникасын да меңгере бастадым. Жақында жарыс болады, соған дайындық жүріп жатыр. Дұрыс бағыт-бағдар беретін 2 жаттықтырушымыз бар.

Мұнда күніне 40-қа жуық адам келеді. Мектеп оқушылары – түске дейін, ал одан кейін өзге ауыл тұрғындары жаттығады. Басым бөлігі қазақ күресін, жекпе-жек пен бокспен шұғылдануға қызығушылық танытатын көрінеді.
Бір ғана қайырымды жанның қамқорлығы шалғайдағы елді мекеннің дамып, гүлденуіне сеп болуда. Кәсіпкер туған жерін одан әрі көркейтіп, жергілікті тұрғындар санын көбейту үшін жұмыс күші басым облыстардың азаматтарын ауылға тартуда. Соңғы 4 жылда оңтүстік өңірлерден 4 отбасы көшіп келген. Биыл тағы осынша жанұя келеді деп жоспарланып отыр. Оларға баспана да, жұмыс та берілмек.

Серік Малаев – «Ақселеу» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Мал ұстауға жағдай жасалған. Қыста жолды қар жауып қойса, өзіміз тазалаймыз. Жем-шөптерін әкеліп береміз.  Ауыл көркейсе, мұнда адамдар қалай келмейді?

Маржан Касымбек