Әр түрлі

Петропавлда итті серуендетуге арналған алаң тапшы

Иван Мумриков бала кезінен жануарларды жақсы көреді. Әсіресе, адамның серігі – иттерге деген махаббаты ерекше. 8 ай бұрын жас жігіт “Скай” атты төрт аяқтыны сатып алған. Хаски тұқымды үй жануары қожайынына сенімді әрі адал болып келеді, табиғатынан еркіндікті жақсы көреді. Сондықтан, оны үйде көп ұстауға болмайды. Жиі далаға шығарып, серуендетіп отыру қажет.

Иван Мумриков – қала тұрғыны:


-Хаски итін ұстағандықтан серуенге жиі шығарамыз. Көбіне үйдің маңында жүргендіктен, бұл көршілеріме ұнай қоймайды. Бізді қауып алса, саған арыз жазамыз деп айтады. Амал жоқ, төрт аяқты досымды 20-шы шағын ауданнан шаһардың орталығына әкелемін. Бұл жерде иттерге арналған алаң бар.

Облыс орталығында иттерді серуендетуге арналған алаңның бірі қаладағы ескі саябақта орналасқан. Мұнда жануарларды жаттықтыру үшін қажетті дүниенің барлығы бар. Алаңқайда төрт аяқтылардың тұмсығын тұмшалау қажет емес. Себебі, аумақ биік темір тормен қоршалған. Яғни, өткен-кеткендерге еш қауіп төндірмейді. Қала тұрғындарының айтуынша үй жануарларына арналған осындай орындарды көбірек болғаны жөн.

-Менің ойымша, итті үйдің ауласында, көшеде қыдыртудың қажеті жоқ. Арнайы орындар болуы керек. Бұл әрі қауіпсіз, әрі тазалық сақталады.
-Иттерге арналған шағын алаң салу үшін көп жердің қажеті жоқ. Сол аумақта ешкімге кедергі жасамай еркін серуендетуге болады.

Бүгінде Петропавлда иттерге арналған 3 алаң бар. Төрт аяқты серіктерін ертіп әкелген қожайындарға қойылатын бір ғана талап: тазалықты сақтап, жануардың нәжісін жинап жүру керек.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

-Қалада иттерге арналған арнайы 3 алаң бар. Оның бірі толық жабдықталған. Алдағы жылдары осындай алаңдардың саны артуы мүмкін.

Алаңдардың жағдайы түсінікті. Үй аулаларындағы, көшелердегі тәртіпке тоқталайық. Бұл ретте иттер мен мысықтарды серуендетуге қатысты белгілі бір талаптар бар. Адам көп жүретін жерлерде жануарлардың мойын жіптері қысқа болуы тиіс. Сондай-ақ, міндетті түрде тұмсығына тұмылдырық киілуі қажет.

 Рустам Садулов – қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы:

-Тұрғындар үй жануарларын серуендету ережесін сақтауы тиіс. Төрт аяқтылармен үйлердің, мектептердің, ауруханалардың жанында жүруге тыйым салынады. Егер тиісті ережелер бұзылса, жануарлардың иелеріне алдымен ескерту жасалады. Егер жағдай қайталанса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.

Енді – аз-кем статистика. Жыл басынан бері серуендеу кезінде тиісті ережені бұзған 900-ге жуық қала тұрғынына ескерту жасалыпты. Ал 5 адам айыппұл арқалаған екен.

Дана Ешкенова