Құрылыс

Береке ықшам ауданында 128 пәтерлі үй қолданысқа тапсырылды

Роза Рахимова кешеден бері телефонын қолынан түсірмепті. Алдымен нәзікжандыға әкімдік мамандары хабарласып, баспаналы болғанын жеткізген. Ал енді қуанышты жаңалықты естіген туған-туыстары мен жора-жолдастары жарыса құттықтауда. Бұл күнді Рахимовтар жанұясы 27 жыл бойы аңсаған. Осы аралықта пәтер жалдап тұруға мәжбүр болыпты. Оған ай сайын отбасы 30-40 мың теңге жұмсаған. Ал 11 жыл бұрын отанасы мүмкіндігі шектеулі баланың анасы ретінде әкімдік кезегіне қойылыпты.

Роза Рахимова – қала тұрғыны:

-Пәтер жалдап тұрғанда күйеуім мүгедек болып қалды. Қызым да мүгедек. Үш балам бар. Бір ұлым – студент, екіншісі жұмыс істейді. Балам ғана жұмыс істейді. Күйеуім жәрдемақы алады. Мен де жұмыс істеймін, бала күтімі бойынша жәрдемақы аламын. Қиын болды, ақша жетпейді.

Отбасының көптен күткен арманы орындалды. Екі бөлмелі пәтердің кілті – қолдарында. Қуаныш иелерін қоныс тойымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп құттықтады. Аймақ басшысы Береке ықшам ауданында орын алатын өзгерістермен де бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

-Қазір емхананың құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Мектептер бар. Демалыс орындарының санын көбейтеміз.

Қасымовтар жанұясы да пәтерлі болғандарын кеше естіді. Қуаныштары қойнына сыймай көпбалалы отбасы бірден Береке ықшам ауданына аттаныпты. Аймақпен танысып, саябақта да серуендеген көрінеді. Бүгін – жаңа үйлерінде. Осыған дейін жатақхананың тар бөлмесінде тұрған балалар қазір кең үйде асыр салып ойнап жүр.

Наталья Қасымова – көпбалалы ана:

– Өте қуаныштымыз, пәтер ұнады. Баспана кезегіне 9 жыл бұрын тұрдық. Бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызымыз – 13-те, кішісі – 3 жаста. Балғындар өз бөлмелерінің болатынына қуанып жүр. Үйдің әр бұрышымен танысып шықты.

Тұрғын үйдің құрылысын “Зерттеу СК” серіктестігі 2019 жылдың тамызында бастаған екен. Республикалық бюджеттен нысанды тұрғызуға 1 млрд 100 млн теңге бағытталды. Арендалық-коммуналдық баспананың игілігін қос жанұядан бөлек тағы 126 отбасы көріп отыр. Олардың барлығы – көпбалалы, жалғызбасты аналар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бөлме санына байланысты тұрғындар ай сайын 2-4 мың теңге көлемінде ақша төлейтін болады. Бірер күннен кейін Берекедегі кезекті су жаңа 128 пәтерлі үй қолданысқа тапсырылады. 5 қабатты үй әкімдік кезегінде тұрған әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне арналған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үйді салуға бөлінетін қаражат жылдан-жылға артуда. Былтыр – 17 млрд тг, биыл 28 млрд тг-ден аса қаражат бағытталды. Нәтижесінде 3,5 мың пәтер қолданысқа тапсырылып, 12 мың солтүстікқазақстандық баспанаға қол жеткізеді.

Бүгінде шаһарда 46 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 18-ін компаниялар жеке қаражатына тұрғызуда. Жоспарға сай жыл соңына дейін 28 баспананың құрылысы аяқталады.

Эльмира Садвокасова