Денсаулық сақтау

Дәрігерлер тұрғындарды скринингтен өтуге шақыруда

Сағат таңғы 11. Үшінші қалалық емханадағы ұзын-сонар кезек сиреген. Қала тұрғыны Сәния Қасымова оңтайлы сәтті пайдаланып, скрининг өтуге келіпті. Жоспарлы бақылаудан ол қалмауға тырысады. Себебі, пайдасын іс жүзінде көрген. 4 жыл бұрынғы тексеру барысында нәзікжандыға глаукома диагнозы қойылған. Скрининг болмаса, білмей жүріп, кейін опық жеп қалар едім дейді ол.

Сәния Қасымова – қала тұрғыны:

-Абырой болғанда глаукома уақытылы анықталды. Дәрігерлер ем-дом шараларын тағайындады. Қажетті дәрілерді ішіп, кеңестерін ұстанудамын. Жаңа ғана мамандар тексеріп еді, жағдай қалыпты дейді. Бүгін бірнеше анализ тапсырдым, қандағы қант мөлшері мен холестерин нәтижелері бірден дайын болды. Барлық көрсеткіштер нормаға сай. Қазір өзге ақ халаттылардың қабылдауына барамын.

Жас ерекшелігі мен диагнозға байланысты жоспарлы бақылаудың 7 түрі бар. Скринингтен өтуге шақыртуларды әр емхана қаңтардың 5-інен бастап тұрғындарға жолдайды. Тексеріске келмеген жағдайда әрбіреуіне хабарласып, тағы бір мәрте еске салады. Биыл үшінші қалалық емханаға тіркелген жандардың 27700-і скринингтен өтуі тиіс. Жарты жылдың ішінде дәрігерлердің қабылдауына 13 мыңнан аса адам келген екен.

Аққу Момынова – №3 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:

-Біздің емханаға тіркелген 103 адамнан қан айналу жүйесінің аурулары анықталды. Тағы 26 жерлесіміз қант диабеті бойынша есепке қойылды. Сүт безі обырына тексерілген нәзікжандылардың 7-уінен 1-2 стадиядағы қатерлі ісік табылды. Колоректальды обыр бойынша да 2 жағдай тіркелді

Рактың 1-ші және 2-ші стадиясында дертпен күресу жеңілірек. Ота жасап, обырды жеңуге болады. Скринингтің мақсаты да осы – қауіпті ауруларды ерте кезеңінен анықтау. Себебі, дерт симптомдары бастапқы сатыларынан байқалмауы мүмкін. Бірақ, күннен-күнге ушығып, адамның ағзаларын құрта бастайды. Сондықтан, ақ халаттылар тексеріске бейжай қарамауды сұрайды. Айта кету қажет, жоспарлы бақылау міндетті әлеуметтік медициналық жүйеде сақтандырылған жандар үшін тегін. Ал ай сайын қорға төлем жүргізбеген жандар үшін кей қызмет түрлері ақылы болмақ.

Эльмира Садвокасова