ТЖ

Тайынша ауданында ерлі-зайыптылар иіс тиіп қаза тапты

Оқиға маусымның 25-і күні Горькое селосында болған. Ес-түссіз жатқан отбасы мүшелерін түс кезінде келіншектің әкесі тауып алған. Есікті ешкім ашпаған соң бұзып кірген екен. Өкінішке қарай, 40 жас шамасындағы ерлі-зайыптылар жан тапсырған. Олардың мүшелден асқан балалары қазір ауруханада. Жағдайы ауыр.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

-Көршілерінің айтуынша үй иелері жақында ескі пештеріне жөндеу жүргізген екен. Істі толығымен аяқтамаған көрінеді. Жұма күні пеш жаққан. Салдарынан газ сыртқа шықпай, ішке жайылған. 2 адам көз жұмды. Ерлі-зайыптылардың ұлдарынан бөлек, қыздары бар. Қайғылы жағдай орын алған күні ол Көкшетау қаласында болған.

Осы ретте айта кету қажет, маусым айының басында Тайынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері Горькое селосында рейд жүргізген. Шара барысында мамандар марқұм болған ерлі-зайыптылардың үйінде де болған. Оларға отты, газды қалай дұрыс пайдалану керектігін түсіндіріпті. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 367 өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 32 адам көз жұмған және 34 адам ауыр жарақаттанған. Қызыл жалын келтірген шығын көлемі 160 млн теңгені құрайды. Айта кету қажет, тіркелген өрт фактілерінің дені пештен шыққан.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

-Біздің өңірде жаз мезгілі қысқа. Сол себепті, қазірден бастап пеш құбырларын тазартып, кем-кетігі бар болса жөндеген абзал. Электр сымдарын да назардан шығармаған жөн. Олардың жай-күйін де тексеріп отыру қажет.

Өрт, газ – тілсіз жау. Айтпай келіп, ажал құштыруы мүмкін. “Сондықтан сақтық шараларына бейжай қарамаңыздар”,- дейді құтқарушылар.

Алдияр Айтпаев