МТРА жаңалықтарыБілім

ҚР ҰҰ Әскери институтын 24 жылда 4 мыңға жуық курсант тәмамдаған

1997 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Солтүстік Қазақстанда әскери училище құру туралы шешім қабылданады. Қарбалас кезең, уақыт тығыз. Тамыздың 1-іне дейін оқу орнын даярлап, білім алатын жігіттер мен оларға сабақ беретін офицерлер құрамын жасақтау қажет болды. 90-шы жылдары Болат Жанасаев Ішкі әскерлер қатарында басшылық қызметте болған. Айтуынша, Петропавлда құрылған әскери училищеге дереу басшы тағайындалған екен.

Болат Жанасаев – ҚР Ұлттық ұланының ардагері:

– Сәуірде Жүкенов Амангелдіні алып келдім. Ауыл шаруашылығы техникумы болған ғимараттарды алдық. Сосын осы жерге әскери училище аштық. Ол кезде 2 жатақхана, асхана мен 2 оқу корпусы болды.

Аз уақыттың ішінде-ақ бұл бастама жайлы естіген бозбалалар Петропавлға ағылады. Алғашқы жылы 900-ден астам адам Отан қорғаушы атануға ниет білдірген екен. Сынақтан оның 250-і ғана өтеді. Бауыржан Тілеужанов 21 жасында курсант атанады. Әскери адам болуды армандамасам да өмір жолы осы салаға әкелді дейді.

Бауыржан Тілеужанов – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің кафедра бастығының орынбасары:

-97-ші жылдары қиын болды. Оқу орындары ақылы. Қайтсем де жоғары білім аламын деп осында келдім. Ата-анам – қарапайым адамдар.

Курсант Бауыржан Тілеужанов 4 жыл бойы білім алады, әскери өмірдің қыр-сырын меңгереді. Көп ұзамай лейтенант шенін алып, Алматы облысына қызмет етуге жіберіледі. Бауыржан Тілеужанов секілді 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектердің басым бөлігі бүгінде елдің дамуы жолында адал еңбек етіп жүр.

Болат Жанасаев – ҚР Ұлттық ұланының ардагері:

– Алғашқы түлектердің 16-сы полковник шеніне дейін жетті. Бұл – үлкен дәреже. Қазір барлығы ішкі әскерде, шекара қызметінде, Қорғаныс министрлігінде жұмыс істеп жатыр.

Сертіне берік, ісіне адал жандар. Әскери училище жас елімізбен қатар дамыды. Кейінірек, институт дәрежесі де берілді. 20 жыл ішінде әскери оқу орнын 4 мыңға жуық офицер тәмамдаған.

Жиын соңында алғашқы түлектерге арналып Әскери институт оркестрінің сүйемелдеуімен мерейтойлық шағын концерт ұйымдастырылды.

Маржан Касымбек