МТРА жаңалықтары

СҚО-да мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ашылады

Жаңа сот ашудың қажеттілігі туралы жыл басынан бері қаралып келеді дейді облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бердібек Мұстафин. Сондай-ақ, таяу арада жаңа кодекс күшіне енеді. Заңдар жинағы қазіргі азаматтық-процессуалды кодекстің орнын басады.

Бердібек Мұстафин – СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

-1-ші шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекс күшіне енеді. Ол азаматтардың мүдделерін тиімді түрде қорғауға мүмкіндік береді. Егер тұрғындар қандай да бір органдардың әрекеттерімен келіспеген жағдайда құқықтарын жаңа сот арқылы қорғай алады.

Қарапайым адам кейде мемлекеттік мекемелер мен түрлі органдардың шешіміне қарсы әрекет жасай алмай жатады. Осындай кезде жерлестеріміз жаңа сотқа келіп жүгіне алады. Ерекшілігі – бұл жерде судья арыз берушінің сауалын тікелей өзі қарастырады. Яғни, азамат сұрағын немесе ұсынысын дұрыс жеткізе алмаса, оған сұрақтар қойып, тілдеседі. Осы орайда тұрғындар жаңа органды мамандандырылған әкімшілік сотпен шатастырмағандары жөн.

Бердібек Мұстафин – СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

– Біз жаңа сот азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынастағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді деп сенеміз. Қазір судьяларды оқыту жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жаңа сот Брусиловский көшесі, 60 мекенжайы бойынша орналасады. Арызды электрондық портал арқылы онлайн түрде тапсыруға болады немесе мамандардың көмегіне сотқа келіп тікелей жүгінуге болады.

Бердимурат Баймухан